Тоғыз өңірде автожолдар жабық

«Қазақавтожол» РМК-ның мәліметінше, Ақмола облысында барлық бағыттар бойынша трассалар жабылды.
Сондай-ақ Астана қаласынан шығатын барлық жолдармен қозғалыс тоқтатылды.
Қостанай облысында сағат 20.00-ден бастап республикалық маңызы бар автожолдар жабық. Бензинмен жүретін көліктер үшін ғана «Қостанай-Рудный» және «Қостанай-Қарабалық» ішкі трассалары ашық.
Шығыс Қазақстан облысында аязға байланысты дизельді және қоғамдық көліктер үшін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда шектеу енгізілді.
Солтүстік Қазақстан облысында екінші күн қатарынан барлық жолдарда қозғалысқа тыйым салынуда.
Сондай-ақ Павлодар облысынан шығатын барлық жолдар жабылды.
Қарағанды облысында «Екатеринбург-Алматы» трассасының «Қарағанды-Балқаш» бөлігінде де шектеулер енгізілді.
Алматы облысында «Алматы-Өскемен» жолының «Үшарал-ШҚО шекарасы» бөлігі, «Үшарал-Достық» трассасының «Көктаума ауылы-Достық ауылы» учаскесі жабылды.
Жамбыл облысының Қордай ауданында қалың қар мен бұрқасын салдарынан «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық автожолының 159-238 (Қордайдың жаңа асуы) шақырым аралығы барлық көлік түрлері үшін жабылды. Кейін осы республикалық жолдың 536-593 шақырымында (Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейін) барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынды.