Тоқаев Алатаудың әлеуметтік инфрақұрылымын күшейтуді тапсырды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қарқынды түрде дамыту қажет екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Бұл салада нақты атқарылған жұмыс жоқ деп айтсақ, қателеспейміз. Ал қазіргі таңда туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі. Бас жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі мүмкін, әбден ықтимал. Мұндай өсім инженерлік желімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіретіні анық, — деді Президент.
Ол Алатауда жаңа әлеуметтік нысандар өте аз екенін атап өтті.
— Қазір Алатауда жаңа әлеуметтік нысандар өте аз. Соған қарамастан кәсіпкерлер бұл инфрақұрылымға қаржы салуға дайын.
Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес және қала әкімшілігі инвестицияны қайтарудың әдіс-тәсілдері мен мерзімдері айқындалған нақты ережелер әзірлеуге тиіс. Бұл құжатта өзара жүктеме әділ бөлініп, барлық сын-қатерлер ескерілуі керек, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысқан еді.