Тоқаев БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды
АШХАБАД. KAZINFORM — Қазақстан Президентінің пайымдауынша, жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы Түрікменстандағы халықаралық форумда айтты.
Президенттің сөзінше, БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн.
— Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіле бастайтынына сенімім кәміл, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Ашхабад форумы мүдделі мемлекеттердің жасампаз серіктестігін нығайтуға және әлемде әділетті тәртіп қалыптастыруды көздейтін халықаралық күш-жігерге тың серпін беретініне сенім білдірді.



Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Ресей Президенті Владимир Путин, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашид, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Сан-Томе және Принсипи Президенті Карлуш Мануэл Вила-Нова, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, Грузия Премьер-министрі, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Мьянма Премьер-министрі Ньо Со, Эсватини Премьер-министрі Рассел Дламини сөз сөйледі.



Бұдан бұрын Тоқаев Қазақстан дінаралық және этносаралық диалогты нығайтуға айрықша назар аударатынын айтқан еді.