Тоқаев: БҰҰ миссиясы — бүкіл әлемнің Қазақстан армиясына деген зор сенімі

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың Тәуелсіздік алаңында өтіп жатқан әскери парадта Қазақстан армиясының бітімгерлік қызметтегі жетістіктеріне тоқталды.

миротворцы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия — Тәуелсіздігіміздің қорғаны, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ҚР Қарулы Күштері әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

— Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл — бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, бүгінгі әскери шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, 66 ұшу аппараты тартылған. Сондай-ақ, парадта биыл сатып алған су жаңа Airbus А-400 әскери-көлік ұшағы алғаш рет қатысады. Армиялық Ми-17, Ми-171Ш, Ми-35 және көліктік С-295, Ту-154М, Л-410 ұшақтары, Су-30СМ, Су-25 жойығыш ұшақтары, Л-39 оқу-жауынгерлік ұшағының экипаждары шерудің айбынына әуеден айбын қоспақ.

Соңғы жаңалықтар