Тоқаев: Қазақстан Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын

АСТАНА.KAZINFORM — Стратегиялық әріптестіктің келесі кезеңін қалыптастырудың үш негізгі стратегиялық мақсатын айқындай отырып Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік бүгінде бұрынғыдан да маңызды, деп жазады Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына арналған авторлық мақаласында. 

Тоқаев: Қазақстан Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын
скрин

2015 жылы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан бергі он жылдан соң, Еуропалық одақ бүгінде Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық әріптесі.

Мыңдаған еуропалық компания біздің елімізде табысты жұмыс істеп, пайда тауып отыр, Еуропа үшін тиімді, сонымен қатар экономикамызды жаңғыртуға және әртараптандыруға үлес қосып отыр.

Бұл үлкен жетістік әрі солай болып қала береді. Алайда қарқынды өзгеріп жатқан әлемде бұл жеткілікті ме? Меніңше, жоқ.

Мен Брюссельге айқын ұмтылыс және нық сеніммен қайта оралып отырмын: Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік бүгінде бұрынғыдан да зор маңызға ие. Сондықтан оны нығайту қажет.

Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы: екі тарапқа да арналған үш негізгі стратегиялық мақсат

Атап айтқанда, Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының келесі кезеңі екі тарапқа да арналған үш негізгі стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге бағытталуы тиіс: 1) орнықтылықты нығайту, 2) барлық саладағы өзара байланысты кеңейту 3) азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау.

Бұл қажет, өйткені бұрынғы геосаяси алғышарттар енді жұмыс істемейді. География мен күш қайтадан алдыңғы қатарға шығып отыр.

Қайта жанданған бәсекелестік сауда, технологиялар және инвестициялық ағын бағыттарын қарқынды түрде өзгертіп жатыр. Жаһандық жеткізу тізбектері қайта осалдана түсті. Сауда-экономикалық өзара тәуелділік ұлттық қауіпсіздік пайымдарының кепіліне жиі айналып барады.

Еуропаға жақсы мәлім болғандай, мұндай жағдайда елдер не бәсекелес блоктарға тұйықталады, не өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген жаңа әріптестіктер құрады.

Қазақстан да мұны жақсы түсінеді: біз географиялық жағынан құрлықтардың тоғысқан жерінде орналасқанбыз, ал сыртқы саясатымыз оларды байланыстыруға ұмтылып отыр.

Экономикалық қуат: Қазақстанның байланыстырушы рөлін барған сайын артып келеді 

Бұл байланыстырушы рөл экономикалық тұрғыдан барған сайын нығая түсуде. 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, ЖІӨ 306 млрд АҚШ долларына жетті.

Халықаралық валюта қорының World Economic Outlook болжамына сәйкес, 2026 жылы ЖІӨ 360 млрд. АҚШ долларынан асады деп күтілуде. Ірі әрі серпінді Қазақстан Еуропа үшін Еуразияның жүрегіндегі анағұрлым мықты әріптес дегенді білдіреді.

Әрбір саяхатшы үшін жол неғұрлым белгісіз болса, серіктесінің сенімі соғұрлым маңызды бола түседі. 

Қазақстан мен Еуропа қазірдің өзінде осындай - серіктес. Біздің халықаралық ынтымақтастыққа деген теңгерімді, прагматикалық және сындарлы көзқарасымыз өзгеріссіз қалады.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына берік адалдығымызды сақтаймыз. Біз диалог пен қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге басымдық беруді жалғастырамыз. 

«Энергетикалық қауіпсіздік - өзара сеніміміздің айқын мысалы»

Өзара тәуелділік орнықтылықты күшейтеді. Сенімділік қысқа мерзім ішінде стратегиялық мәнге ие болған энергетика саласын алайық. Бүгінде Қазақстан Еуропалық одақтың мұнай және мұнай өнімдері импортының шамамен 13%-ын және табиғи уран жеткізілімдерінің 16%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Энергетикалық қауіпсіздік - өзара сеніміміздің, орнықтылықты нығайтудың және міндеттемелерді анағұрлым тұрақсыз әлем жағдайында да орындау қабілетіміздің айқын мысалы.

Неліктен дәл осындай тәсілді ауыл шаруашылығында қолданбасқа? Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлемде барған сайын маңызды стратегиялық мәселеге айналып келеді. Қазақстан әлемдегі ең ірі астық өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі және әртараптандыруды қажет ететін еуропалық нарық үшін елеулі әлеуетке ие.

Сонымен қатар, Еуропаның білімі, технологиялары мен инвестициялары елімізде терең өңдеу өндірісін және қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға ықпал ете алады.

Сол сияқты жаһандық экономиканың орнықты өсуге көшуі бұрын-соңды болмаған деңгейдегі өзара іс-қимылды талап етеді. Маңызды шикізат материалдары, жаңартылатын технологиялар, энергия тиімділігі және жаңа өнеркәсіптік экожүйелер болашақтағы бәсекеге қабілеттілікті қарқынды түрде қалыптастырып отыр.

Егер Еуропа сараптама, технологиялар және инвестициялармен жауап берсе Қазақстан бұл жерде де елеулі ресурстар мен өнеркәсіптік әлеует ұсына алады. Екі елдің экономикасы да өседі әрі екеуі де орнықты бола түседі.

Қауіпсіз және тиімді көлік бағыттары - стратегиялық артериялар

Ынтымақтастығымыздың алғашқы онжылдығына сүйене отырып, экономикалық қатынастарымызды дәстүрлі «шикізат ресурстарының орнына инвестициялар» моделінен әр кезеңде құн қалыптастыратын серіктестікке – терең өңдеу, технологиялар трансфері, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы және бірлескен кәсіпорындар арқылы жаңа деңгейге көтеретін уақыт келген жоқ па?

Өзара байланыс мәселесін қарастырайық. Қазақстанда біз Жібек жолы сияқты қауіпсіз және тиімді көлік бағыттары әрдайым стратегиялық артериялар болғанын түсінеміз.

Сондықтан біз Еуропа мен Азия арасындағы Орта дәлізді дамытып жатырмыз, әрі ол ЕО-ның Global Gateway стратегиясымен табиғи түрде үйлеседі.

Алайда өзара байланыс тауарларды шекаралар арқылы жылдамырақ өткізуден әлдеқайда кең ұғымды білдіреді. Орта дәлізді еуропалық нарық пен экономикалық орталықтарды Орталық Азияның ресурстарымен, оның дамып келе жатқан өнеркәсіптік базасымен және логистикалық әлеуетімен байланыстыратын қалыптасып келе жатқан жүйенің негізі ретінде қарастырған жөн.

Шынайы өзара байланыс дегеніміз - ежелгі дәуірдегі каналдар, теңіз жолдары мен жолдарды еске түсірейікші - әрдайым жаңа мүмкіндіктер арқылы құндылық жасаған. Ол нарықтарды интеграциялайды, инвестицияларды ынталандырады, кәсіпкерлікті қолдайды және қоғамды жақындастырады. Ол географиялық артықшылықтарды экономикалық мүмкіндіктерге айналдырады.

Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және сенімді технологиялар

Біздің әріптестігіміз енді болашақтың технологияларын да қамтуы тиіс. Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және сенімді технологиялар экономикалық бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық орнықтылықтың негізгі факторлары.

Қазақстан алға биік мақсаттар қойып, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, деректерге негізделген басқаруды дамыту және жасанды интеллектіге инвестиция салу арқылы цифрлық мемлекетке айналып келеді.

Біз технологиялық прогресс инклюзивті, қауіпсіз және адамға бағдарланған болып қала беруі үшін еуропалық технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз.

Ең алдымен, шынайы стратегиялық әріптестік азаматтарға нақты пайда әкелуі тиіс. Визалық режим мәселесінде айтарлықтай ілгеріледік. Бұл барыс-келісті қолжетімді әрі ыңғайлы етіп, барлық тараптағы студенттерге, зерттеушілерге, кәсіпкерлерге және отбасыларға пайдалы болады.

Білім, ғылым және инновациялар саласындағы межені көтеру қажет

Біз сондай-ақ білім, ғылым және инновациялар саласындағы амбициямызды қайта арттыруымыз қажет. Қазақстанның Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламаларына қатысуы өз мүмкіндіктерінің ауқымын қазірден-ақ көрсетіп отыр. Бізге академиялық ұтқырлық пен ынтымақтастық, бірлескен инновациялар және жастар үшін көбірек мүмкіндіктер қажет.

Уақыт күтпейді. Қазақстан Еуропалық одақпен әріптестігінің келесі онжылдығын түбегейлі жаңғыртып жатыр және бұл кезеңге орнықтылық ел ішінен басталатынына сенімді мемлекет ретінде қадам басуда.

Біздің жаңа Конституциямыз тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы ірі қайта жаңғыру болды. Ол жаңа ұрпақтың заң мен тәртіпке, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай құрметтеу мен қорғауға негізделген әділетті елде өмір сүруге деген ұмтылысын көрсетеді.

Ол сондай-ақ «Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес қоғамдық есептілікті нығайтуға және институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді саяси және экономикалық реформаларды бекітеді.

Біз әріптестеріміз бен инвесторларымыздың Қазақстаннан тек жаңа нарықтарды ғана емес, сонымен бірге тұрақты ережелерді, сондай-ақ болжамды, әділ және ашық экономикалық басқаруды табуын қалаймыз.

Соңғы он жылдық кезең бізге әріптестікті әрі қарай да табысты дамытуға қабілетті екенімізге сенім берді. Келесі онжылдыққа көз жүгірте отырып, мен біздің әріптестігіміз маңызды нәтижелер әкелуі тиіс екеніне сенімдімін.

Жақсы жаңалық - Еуропа мен Қазақстанда бұл әріптестікті нығайту үшін қажетті құралдар мен ресурстардың басым бөлігі қазірдің өзінде бар. Қалғанын біз бірге жасаймыз.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін 22-23 маусымда Брюссельге барады.