Тоқаев Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығы желісін құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация ұлттық басымдық ретінде айқындалғанына назар аударды, деп жазады Ақорда.
Сондай-ақ елімізде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру қолға алынғанын айтты. Аталған жоба келешекте ірі есептеу қуаты бар хабқа айналады.
– Германия өнеркәсіпке арналған бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматизация, киберқауіпсіздік, инженерия және қолданбалы зерттеулер салаларында мықты. Осы артықшылықтары біздің өршіл мақсатымызға сай келеді. Неміс компанияларын деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытуға атсалысып, қазақстандық серіктестермен бірге тау-кен, энергетика және логистика салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге шақырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту тақырыбын да қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесін жоғары бағалап, академиялық және кәсіби байланыстарды тереңдетуге негіз барын еске салды.
– Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығының желісін құруды ұсынамыз. Оны озық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланыстыруға болады. Яғни әрбір ірі инвестициялық жоба кадр даярлайтын алаң болуға тиіс деген қарапайым қағидатқа сүйенген жөн. Сонда ғана капитал білімге, ал білім орнықты экономикалық өсімге ұласады, – деді Президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Бірлескен декларация қабылдады.