Тоқаев кениялық инвесторларды Қазақстанмен серіктестікке шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто «Қазақстан-Кения» бизнес форумына қатысты. Шара барысында Президент Қазақстан инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тартымды институционалдық база қалыптастырғанын айтты.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі елдердің бірі. Қазір өсім динамикасы — 6,5 пайыз.
— Шағын және орта бизнес — экономикамыздың 40 пайызына жуығын құрайды. Ел жетістіктерінің мәні осында. Мемлекеттегі тұрақты саяси ахуал экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция инвесторлар құқығын қорғаудың кепіліне айналды. Қазақстан инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тартымды институционалдық база қалыптастырды. Институционалдық қауіпсіздік арқылы ұзақмерзімді ынталандыру шараларын ұсынамыз. Енді шетелдік кәсіпкерлер инвесторларға салықтық және миграциялық жеңілдіктер беретін «Altyn Visa» бірегей бағдарламасын толық пайдалана алады. Осы орайда кениялық бизнестің көшбасшыларын аталған мүмкіндіктерді қолданып, Қазақстанды инвестиция, өсім және ұзақмерзімді серіктестік үшін стратегиялық бағыт ретінде қарастыруға шақырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің бірқатар перспективті салаларына тоқталды.
— Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы ретінде қалыптасты. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы еліміздің аумағынан өтеді. Орта дәліз атауымен белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде ілгерілетіп келеміз. Ал Кения — 300 миллион халқы бар Шығыс Африка нарығына кедергісіз кіруге мүмкіндік беретін басты логистикалық қақпа. Орта дәлізді Африканың маңызды теңіз жолдарымен жалғау қажет. Осы мақсатта «Бір белдеу, бір жол» бастамасының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Қазақстан Шығыс Африканың ірі көлік-логистика желісі саналатын Кениядағы Момбаса және Ламу порттарымен байланыс орнатуға әзір. Бұл айлақтар қазақстандық металл өнімдері, құрылыс материалдары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тағам өнімдерінің экспортын айтарлықтай арттыруға жол ашады. Теңіз жолына қоса әуе қатынасын дамыту жүк жеткізуді барынша жеделдетеді. Қазақстандағы «ашық аспан» режимі әлемдік авиатасымалдаушылар үшін жақсы ынталандыру болмақ. Ең әуелі, екі ел арасында әуе жүк тасымалын іске қосу мүмкіндіктерін зерделеуді ұсынамын. Әрине, біздің ұзақмерзімді міндеттеріміздің бірі — Астана мен Найроби арасында тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру, — деді Президент.
Бұдан бұрын екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Руто Бірлескен мәлімдеме қабылдағанын жазғанбыз.