Тоқаев Конго Президентіне: Астанаға арнайы келуіңіз қазақ еліне деген құрметтің көрінісі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекедимен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Президенты Казахстана и  Демократической Республики Конго провели переговоры в узком состав
Фото: Ақорда

— Ең алдымен Қазақстанға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін өзіңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сіздің Қазақстанға алғашқы сапарыңыз. Мұны тарихи сәт деп айтуға болады. Ұзақ жол жүріп, Астанаға арнайы келуіңіз қазақ еліне деген құрметтің көрінісі. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дипломатиялық қатынастар орнағалы көп болған жоқ — 3 жыл болды. Соған қарамастан өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Бүгінгі келіссөздер Астана мен Киншаса арасындағы байланысты жаңа белеске көтереді, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, Конго Демократиялық Республикасы Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі. Конго Африка құрлығының, ал Қазақстан Орта Азияның дәл ортасында орналасқан.

— Сондықтан біздің екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор деп ойлаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Демократиялық Республикасының Президентін қарсы алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар