Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін жазаны күшейтуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне күш көрсететіндерге қарсы заңды күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

— Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайды, — делінген хабарламада.
Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек.
— Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады, — деп жазды баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елде медицина қызметкерлеріне күш көрсету деректері жиілеп бара жатқанын алға тартып, бұл мәселеге заң жүзінде нақты әрі қатаң шаралар қабылдау қажет екенін айтқан болатын.