Тоқаев Түркістандағы жаңа мешітке Өзбекстан Президенті әкесінің атын беруді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістандағы жаңа мешітке Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің әкесі Миромонның аты берілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасады. 

Тоқаев Түркістандағы жаңа мешітке Өзбекстан Президенті әкесінің атын беруді ұсынды
Фото: Ақорда

— Бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін. Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы. Менің пікірімше, бұл мешітке Миромон ата есімі берілсе өте орынды болар еді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ пен өзбек халқы бұл шешімді қолдайтынына еш күмән келтірмеді.

— Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет етеріне сенімдіміз, — деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыс және рухани ынтымақтастық нышаны ретінде Түркістанда бой көтерген мешітпен танысқан еді.