Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атады.
- Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Мысалы таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды.
Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де – айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді.
- Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін ЮНЕСКО тізіміне енуге дайындалып жатқан 5 жерасты мешіті туралы жазған болатынбыз.