Тоқаев: Жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты
Фото: Ақорда

— 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган — бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты.

ШЫҰ плюс саммиті
Фото: Ақорда

Сондай-ақ Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.

Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.

— БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру — ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, — деді Президент.

ШЫҰ плюс саммиті
Фото: Ақорда

Осыған дейін Тоқаев Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды.