Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құру қажет. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Съезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Біз жасанды интеллект дамуынан елдердің қарқынды прогресі үшін жақсы мүмкіндіктер көріп отырмыз. Дегенмен, әдеп нормаларын сақтаудың айрықша маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл саладағы жан-жақты ынтымақтастыққа ашықпыз. Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, аталған комиссия нейрожелілер мен өзге де серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттары жинағын әзірлеумен айналысар еді.

— Сөз адам қадір-қасиетіне құрмет көрсету, кемсітушілікке жол бермеу, тағдыршешті сипатқа ие шешімдерге бақылау жасау дегенді білдіретін алгоритмдерге арналған өзіндік өсиеттер жайында болып отыр, — деді Президент.
Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтіп жатыр.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атады.