Токио Сурдлимпиадасында ел намысын 79 спортшы қорғайды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 15–26 қарашада Токио қаласында өтетін XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан атынан 79 сурдоспортшы қатысады.

— Сурдоспортшылар еліміздің абыройын халықаралық аренада абыроймен қорғап келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан спортшылары сегіз жазғы және қысқы Сурдлимпиадада 42 медаль, оның ішінде 8 алтын, 8 күміс және 26 қола медаль жеңіп алды. 2022 жылы Бразилияда өткен ойындарда ұлттық құрамамыз 29 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 13-орынға ие болды. Биыл Қазақстан жетінші рет жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатыспақ, — деді Ұлттық сурдлимпиадалық комитеттің президенті Серік Сапиев.
Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Мүмкіндiктерi шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Марат Қасқырбаевтың мәліметінше, Токиода өтетін жарыстарда еліміздің намысын 79 спортшы жеңіл атлетика, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі, бадминтон, жүзу, еркін және грек-рим күресінен қорғайды.
Айта кетейік, бүгінде республикада дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған 16 спорт клубы, 1 спортты дамыту дирекциясы (Алматы облысында) және 2 мамандандырылған спорт мектебі (Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында) жұмыс істейді. Аталған ұйымдар Алматы, Абай, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Астана қаласында орналасқан. Оларда барлығы 7 532 спортшы тұрақты түрде жаттығады.
Бұған дейін паралимпиада, сурдлимпиада жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар арнайы төлем алатынын жазған едік.