Токиодағы құрылтай: Азия елдеріндегі қазақтардың кеңесі құрылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның астанасы Токио қаласында қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен, ҚР Жапониядағы Елшілігі мен «Отандастар қоры» КеАҚ-ның қолдауымен Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Басқосу Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Моңғолиядағы қазақ диаспораларының басын қосып, шетелдегі ағайын арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерген алаңға айналды.
Құрылтайдың алғашқы күні Азия елдерінен келген қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын өтіп, оның аясында «Азия елдеріндегі қазақтардың кеңесін» құру туралы құжат қабылданды. Сонымен қатар қатысушы тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын айқындады.
– Басқосуда кеңестің мақсаты, міндеттері мен қызметінің негізгі бағыттарына қатысты ұстанымдар бекітілді. Бастама өңірдегі қазақ қауымдастықтарының байланысын нығайтып, олардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған, – деді «Отандастар қорының» президенті Данияр Қадыров.
Басқосу барысында шетелдегі қандастардың соңғы жылдары қол жеткізген нақты нәтижелері ортаға салынды. Соның бірі – Малайзиядағы қазақ диаспорасының бастамасымен жүзеге асқан білім беру келісімі.
– Бұл шешім отандық мектеп бітірушілерге ҰБТ балымен Малайзияның жетекші университеттеріне тікелей оқуға түсуге мүмкіндік береді, – деді Малайзиядағы қазақ диаспорасының жетекшісі Баян Нишан.
Ал Оңтүстік Кореядағы «Qazaq Nomad» орталығының өкілі Есім Ли Сеулде ашылған мәдени орталықтың қазақ қауымы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Орталық қазіргі таңда Кореядағы қазақ диаспорасының жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, қандастардың басын қосатын негізгі ошаққа айналған. Қол қойылған меморандум аясында Кеңес мүшелері алдағы уақытта мәдени-гуманитарлық жобаларды бірлесе іске асырумен қатар, аймақтағы жаңадан құрылған қазақ қауымдастықтарына жан-жақты консультациялық көмек көрсетуді көздеп отыр, – деді ол.
Алқалы жиын одан әрі негізгі пленарлық отырысқа ұласты. Құрылтайдың ресми ашылуында ҚР Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев шараның мәніне тоқталды.
– Бұл – Азияның әр түкпірінен келген қазақтардың басын қосып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және туған елмен байланысты нығайтуға жол ашқан маңызды кездесу, – деді елші.
Құрылтай жұмысына сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау және «Жапониядағы қазақтар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Әбдібек Қалибек қатысты.
Пленарлық отырыста мәдениет, тарих және ұлттық мұраны сақтау тақырыптары кеңінен талқыланды. Тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы «Мәдени мұраны сақтау» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталды. Шығыстанушы-зерттеуші Олжас Қуанбай қазақ-жапон тарихи байланыстары туралы сөз қозғап, білім мен жастар ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктерін саралады. Ал этнограф-ғалым Айгерім Мұсағажинова «Қазақтың көшпелі асханасы: табиғат, тағам және мәдени білімнің тоғысуы» тақырыбында ұлттық тағам мәдениетінің тарихи әрі танымдық қырын кеңінен таныстырды.
Өнер мен мәдениетке арналған бөлімде қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын насихаттауға ерекше назар аударылды. Музыкант-мультиаспапшы Абзал Арықбаев көмеймен ән айту дәстүрінің тарихи маңызы мен қазіргі жаңғыруы туралы баяндаса, фольклор маманы Анар Қасымова сазсырнай аспабының әлемдік музыкадағы орны жөнінде ой бөлісті.
Құрылтай қорытындысында Азия елдеріндегі қазақ диаспоралары арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеу, олардың әлеуетін біріктіру және Қазақстанмен тұрақты институционалдық байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
– Құрылтай шетелдегі қазақтардың бірлігін бекемдеп, ата-баба дәстүрі мен ана тілді сақтауға жол ашқан маңызды шара ретінде есте қалды, – деді Qazaq radiosy редактор-жүргізушісі, Мәдениет саласының үздігі Толқын Сұлтан.
Басқосу аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған арнайы көрме де ұйымдастырылды. Мұнда Маңғыстау өңірінен арнайы барған «JADAGAY» экологиялық бренді мен «AISHA KUMISTERI» ұлттық зергерлік бұйымдар компаниясы өнімдерін таныстырып, көпшілік назарына ұсынды.
Кешкі бағдарлама қазақ музыкасына арналды. Сахнада көне сарын мен заманауи бағыттарды үйлестірген нео-этно-фольклорлық «Арқайым» ансамблі, қазақстандық әнші Еңлік, жапон домбырашысы Акира мен әнші Нұрбек Елемес өнер көрсетіп, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
Келесі жылы құрылтай Моңғолияның астанасы – Ұлан-Батыр қаласында өтпек.
Бұған дейін Қазақстанға қандастардың қай елден көп келетінін жазған едік.