Тоқырауда туған уәде: 69 жастағы бағбан Атырауда 550 түп алма ағашын өсірді
АТЫРАУ.KAZINFORM – Бір кездері тоқырау жылдары отынға кесіліп кеткен алма бағының орны бүгінде қайтадан жайқалып тұр. Махамбет ауданының Сарыөзек ауылында тұратын Мұрат Каликов осыдан отыз жыл бұрын өзіне берген уәдесін орындап, бүгінде 550 түп алма ағашын өсіріп отыр.
Бұл бақтың тарихы өткен ғасырдан басталады. 1958 жылы Сарыөзек ауылында 5 гектар жерге алма бағы егілген. Кейін ол бірнеше мекеменің қарауына өткен. Мұрат Каликовтың ата-анасы осы бақта еңбек еткен. Ал өзі бала күнінен жеміс ағаштарының арасында өсіп, бағбандықтың қыр-сырын бойына сіңірген.
Алайда 1990-жылдардағы экономикалық қиындық ауылдағы алма бағын сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.
– Ол кезде халықтың жағатын отыны болмады. Ауыл тұрғындары алма ағаштарын кесіп, отқа жақты. Сол сәтте өзіме «Денім сау болса, дәл осы жерден жер алып, қайтадан алма ағашын егемін. Әкем мен анамның әруағы риза болсын» деп уәде бердім, – дейді бағбан.
Мұрат Каликов уәдесін ұзаққа созбай орындауға кіріскен. 2001 жылы 11 гектар жер алып, алдымен аумақты қоршап, көшет егуге дайындайды. Ал 2003 жылдан бастап 5 гектар жерге алма ағаштарын отырғызады.
Қазір бақта алманың жеті, ал алмұрттың төрт сорты өсіп тұр. Бір қызығы, бағбан бұл істі негізгі мамандығымен қатар алып жүрген. Ол қырық жыл бойы мұнай-газ саласында еңбек етіп, бос уақытын бағын күтіп-баптауға арнаған.
Бағбанның айтуынша, мол өнім алудың өз сыры бар. Соның бірі – ағаш түбін айналдыра суару ойығын қазбау.
– Құйған судың шамамен 30 пайызы екі-үш күнде буланып кетеді. Ал жерді тегіс қалдырсаңыз, қыста еріген қар суы ағаш түбіне жиналады. Жердің асты тоң болғандықтан су бірден сіңіп кетпейді де, ағаштың тамыры ұзақ уақыт ылғал алады, – дейді ол.
Тағы бір маңызды қағида – алма ағашын гүлдеп тұрған кезде суармау. Бағбанның сөзінше, бұл кезде артық ылғал гүлдің түсіп қалуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан негізгі суару жеміс түйіні қалыптасқаннан кейін жүргізіледі. Ал алма толыса бастағанда ағаш молынан суарылады. Әр суарудан кейін әр ағашқа 120 грамм аммиак селитрасы беріледі.
Мұрат Каликов ағаштарды күтіп-баптауда бұтақтарды уақытылы сиретудің де маңызы зор екенін айтады. Оның тәжірибесінде ағаштар үш-төрт жыл сайын кесіледі. Бұтақтардың арасы кемінде 20 сантиметр болуы керек. Ал қатарлардың арасы 8–10 метр, ағаштардың аралығы 5–6 метр болғанда күн сәулесі еркін түсіп, жел жақсы өтеді. Бұл жемістің сапасын жақсартып, зиянкестердің көбеюіне жол бермейді.
69 жастағы бағбан баққа тамшылатып суару жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
– Бірінші мақсатым – тамшылатып суару жүйесін жүргізу. Сонда моторды қосқанда барлық ағаш бірдей су ішеді. Екінші мақсатым – өнімді өңдеу. Қазір алманы сатып, кептіріп жүрміз. Алдағы уақытта балаларға арналған алма джемін шығаруды бастағымыз келеді, – дейді Мұрат Каликов.
Бағбанның айтуынша, дұрыс күтіп-бапталған алма ағашы 60 жылға дейін өнім бере алады. Ал бақты батыстан шығысқа қарай орналастырып, желден қорғау үшін қылқанжапырақты ағаш отырғызған жөн. Қолмен жиналған алманы -1 мен +3 градус аралығында сақтаса, ол ақпан айына дейін өзінің дәмі мен сапасын жоғалтпайды.
Қазір Мұрат Каликов өсірген өнімдерін өңірдегі түрлі жәрмеңкелерде саудаға шығарып келеді.
2027 жылға дейін апорт алма бағының көлемі 110 гектарға жететінін жазған болатынбыз.