Төлем жүйелері ЖСН мен БСН-ге көрсетілген мерзімде көшуге әзір - ҚР Қаржы министрлігі

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Республиканың барлық төлем жүйелері жеке сәйкестік нөмірі (ЖСН) мен Бизнес сәйкестік нөміріне (БСН) көшуге дайын, деп хабарлады pm.kz сайтына ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

Төлем жүйелері ЖСН мен БСН-ге көрсетілген мерзімде көшуге әзір - ҚР Қаржы министрлігі

«Қазіргі кезде Салық Комитеті, Қаржы министрлігі және халықты әлеуметтік қорғау мен екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелеріне азаматтар мен ұйымдардың сәйкестік нөмірлері енгізілген», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Ақпаратқа қарағанда, екінші деңгейлі банктерде қазірдің өзінде ЖСН мен БСН қолдану мүмкіндігі бар; арнайы жәрдемақы мен зейнетақы  алатындар және зейнетақы қорына ақша аударатын салық төлеушілер де ЖСН-мен қамтамасыз етілген.

Осылайша, республиканың төлем жүйелері сәйкестік нөмірлерін қолдануға  көрсетілген мерзімде көшуге әзір. ЖСН мен БСН туралы мәліметтер салық органдарының мәліметтер базасында ұдайы жаңартылып отырады.

Тіркелген салық салу нысандары туралы ақпараттар ЖСН мен БСН-ға біртіндеп ауыстырылып отырылады. 2012 жылғы 1 тамызға қарағанда, ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің мәліметтер базасындағы сәйкестік нөмірлері туралы ақпараттар 79, ҚР Әділет министрлігінде - 65 пайызды құраған.

Бәрімізге белгілі, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстан жеке сәйкестік нөмірі (ЖСН) мен бизнес сәйкестік нөмірін (БСН) қолдануға көшеді. Төлем жасау немесе ақша аудару, оның ішінде міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударылымдар, салық төлеу, банктік операциялар кездерінде де сәйкестік нөмірлері пайдаланылатын болады.