Төлеубай Шектібаев: Соғысқа аттанғанда бәріміз 18 жаста ғана болдық

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда көзі тірі үш ардагер болса, солардың бірі - Төлеубай Шектібаев. Қарт майдангер қан майданға аттанғанда қатарластарының барлығы 18 жастағы бозбала болғанын еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеубай Шектібаев: Соғысқа аттанғанда бәріміз 18 жаста ғана болдық

«Соғысқа аттанғанда барлығымыз жас баламыз. 18 жастағы қатарластарымызбен жаудан жерімізді қорғадық. Халқыма соғысты көрсетпесін. Халқымның амандығын, елімнің тыныштығын тілеймін», - деп ақ батасын соғыс ардагері Төлеубай Шектібаев.

Төлеубай Шектібаев майдан даласына 18 жасында аттанған. Жас сарбаз 1943-1944 жылдары Амур маңындағы Қиыр Шығыс шекарасын қорғаған. Мажарстандағы Балатон өзеніне дейін неміс басқыншыларынан азат ету ұрысына қатысқан.

Ал 1945 жылы 83-ші атқыштар дивизиясының құрамында жапон әскеріне қарсы соққы беріп, Харбин қаласын азат етушілер қатарында болды. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. 98 жастағы ардагер 4 бала өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отыр.

Еске салсақ, Жетісу облысында тұратын Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлерінің жалып саны – 2309, соның сегізі – майдангер. Олардың бәріне Жеңіс күніне орай жалпы сомасы 156,7 млн теңге болатын материалдық көмек берілді.