Толған ел тарихын таспен жазады - Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде сөйлеген тарихи маңызы зор сөзі мен ұсынған бес институционалды реформа бағдарламасын терең ұғына келе, Елбасы ойының ұшқырлығына және халқымыздың тағылымды өткеніне сүйене отырып, Қазақстанның жарқын келешегі туралы ойлау қабілетіне тәнті болмау мүмкін емес.
None
None

Қазіргі созылмалы экономикалық дағдарыс пен аумалы-төкпелі саяси тұрақсыздық етек алған кезеңдегі Елбасымыздың стратегиялық көрегендігі мемлекетіміздің тұрақты да табысты келешегіне деген сенімді күшейте түседі. Бұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Елбасы қасиетті Ұлытау төріндегі сұх­батында: «Біз кемел келешегіміз туралы армандай отырып, келелі өткеніміз туралы да ұмытпауға тиістіміз» деген өзекті ой тастады. Шынында да, халқымыздың та­рихын қастерлей білмесек, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға қажетті рухымыз да күшті болмақ емес. Ал бізде мақта­ныш­пен айтатын жайттар жетерлік.

Қазақ халқының тереңнен тамыр тартатын бай мемлекеттілік тарихы бар. Мыңдаған жылдар бойы Қазақстан аумағы алуан түрлі өркениеттердің даму жолы тоғысқан мекен болды, мұнда халықтар­дың ұлы көштерінің іздері жатыр. Біздің ата-бабаларымыз кең-байтақ Еуразия да­ласын игерді, төл материалдық және ру­ха­ни мәдениетін қалыптастырды. Бұл бі­ре­гей мәдениеттің жетістіктері күллі әлемде, оның ішінде, БҰҰ да мойындалып отыр.

Кең-байтақ Еуразия даласын мекен еткен ежелгі сақ және ғұн тайпалары, асыл тарихын тасқа қашап жазған Көк түріктері мен сол кезеңдегі әлемге орасан зор саяси және дүниетанымдық ықпалын жүргізген Алтын Орда сияқты ұлы өркениеттер - ұлттық біртектілігіміздің қайнаркөзі. Ал осыдан 550 жыл бұрын іргесі қаланған Қазақ хандығы - бүгінгі Қазақстанның бастау арнасы.

Елбасы өз отандастарына: «Ата-баба­мызды есте сақтап, олардың ізгі істері мен бастамаларын жалғастыру - адамгершілік парыз ғана емес, әлеуметтік ілгерілеудің, одан әрі қарқынды дамудың алғышарты» деген еді. Шынында да, ұлағатты сөздер!

Қазақ хандығы туралы айтқанда, оның негізін салған Керей мен Жәнібек хан­дардың еңбегін одан әрі жалғастырған тарихи тұлғалардың қызметін де атап көрсету маңызды. Қазақ хандығының этносаяси аумағының қалыптасып, ны­ғаюы, халықаралық байланыстардың ор­нығуы мен бір миллионнан астам ха­лықтың хандық құрамына бірігуі - Жәні­бек ханның ұлы - Қасым ханның ерен еңбегі екені баршамызға аян. Ал Қасым ханның жолын сәтті жалғастырған мұра­гері - Хақназар ханның тұсында Қазақ хандығы батыста - Жайық, солтүстікте - Есіл мен Нұра, шығыста - Шыңғыстау, Балқаш және Шу өзені, оңтүстікте - Түркістан аралығын қамтыды. Жошы хан ұрпағына тән мемлекетшілдік ұстаным XVI-XVIII ғасырларда Есім хан, оның ұлы Жәңгір хан, Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан қызметінен анық байқалды. Қазақ құқығын бір жүйеге түсірген «Қасым хан­ның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» мен әз Тәукенің «Жеті жарғысы» дала заңы жүйесінің қайнар көзіне ай­налды.

Қазақ халқының ұлттық сана-сезімі мен ұлттық біртектілігі жоңғар басқын­шы­ларымен болып өткен қанды шайқас­тарда аса қауіпті сыннан өтті. Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан тарихқа терең үңіле отырып, біз тәуелсіздіктің қанша­лық­ты қиындықпен келгенін жете түсі­неміз. Бұл жолда қазақ халқы ұлы жеңіс­тердің даңқын да, ауыр жеңілістердің қасіретін де бастан өткерді. Мұндай үз­діксіз күрестегі тарихи тәжірибе Мәңгілік елдің басты өсиеті - халықтың амандығы жолындағы бірліктің сөзсіз маңыздылығын анық көрсетеді. Мәңгілік ел тұжы­рым­дамасының өзектілігін діндер, мәде­ниеттер, өркениеттер арасындағы соқ­тығысу салдарынан туындап отырған қазіргі әлемдік қақтығыстар да растай түседі. Осындай күрделі ахуалда Қазақстан Көшбасшысы жаһандану жағдайында, оның барлық ерекшеліктері мен күрде­лілігіне қарамастан, еліміздің ұлттық мүд­делерін сенімді қорғай алатын мемлекеттік саясат құра алды.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде атап өткендей, Мәңгілік ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құн­дылықтар - азаматтық теңдік, еңбек­сүйгіштік, адалдық, білімді қастер тұту, тағаттылық, зайырлы ел болып табылады». «Біздің ортақ рухани күшіміз бен жоғары мақсатымыз: Мәңгілік ел! Ол біздің ХХІ ғасырдағы дамуымызды алға ілгерілеу қуатымен толтыратын болады» деп атап көрсетті ұлт Көшбасшысы.

Қазақстан өзінің этностық құра­мы бо­йынша интер­националды мем­лекет, соған сәйкес еліміз осы қас­иет­ті жерде тұрып жатқан әрбір ұлыстың өткен тарихын өзінің бойына жинақ­тап отыр. Мемле­кеті­міздің абыройы мен күш-қуаты - әр алуанды­ғымыз­дың бірлігінде. Қазақ халқының этнос­тық және конфес­сиялық толерант­­­тылығы ел ішіндегі және ха­лы­қаралық форматтағы бейбітшілік пен келісімнің және тұрақ­тылықтың маңызды факторы ретінде дүниежүзі­не белгілі.

Сонымен қатар біз әлемдік да­мудың соңында қалып, сырттан кел­ген теріс ықпалдарға түспеу үшін өз ұлттық бол­мы­сымызды нығайтып, халықтық дәс­түр­лері­міз бен мәдение­тімізді дамытуымыз қажет. Қай­талау, шетелдік шоу-қойылымдарды көзсіз көшіру бізге тән қасиет емес. Әлемдік классикалық мәдениет­тің дәстүрле­рін қолдап және дамыта отырып, біз шетел­дік аудиторияға ұлттық өнері­міз­дің үздік үлгі­лерін көрсете білуіміз керек.

Тарих тұтас ұлттың дүниета­ны­мы­на елеулі әсер ете отырып, ядролық қуат іспет­ті бейбіт және жасампаз бо­луы мүмкін, бірақ абайсыздық та­нытсақ, жойқын цу­на­миге айнала ала­тынын да естен шығар­мауы­мыз қажет. Жоғары деңгейдегі тарих ғы­лы­мы аса күрделі, ол физика, матема­тика ғылымдары сияқты форму­ла­ларға бағын­байды, қоғамдық өмірдің өзекті мәселе­ле­ріне әрқашан біржақ­ты жауап бере алмайды, сон­дық­тан да саяси мүдделердің пайдасы үшін ойдан шы­ға­рылатын түсіндірмелердің нысанына айналуы мүмкін. Өкінішке қарай, тарихшы Михаил Покровс­кийдің: «Тарих - өткен заманды бұр­малайтын саясат» деген пікірі шын­дық. Әлемдік жылнамалар көрсетіп отырғандай, қақтығыстар мен соғыс­тар үнемі тарихи деректермен және даулармен сипатталады. Антикалық дәуірде де солай болған, қазір де бұл құбылыс сақталып отыр.

Басқа халықтардың тарихы мен мәде­ниетін, діни сенімін, ділін және дәстүрлерін бағаламау - қақты­ғыс­тарға, тіпті соғысқа бастайтын тура жол. Бүгінгі таңда бүкіл әлем­ді алаң­датып отырған оқиғалар - осы­ның айқын дәлелі.

Қазіргі жаһандық тұрақсыздық ахуа­­лында тарих ғылымы барша халықтардың басын біріктіруі тиіс. Мұны барлық ұлттар­дың мәдениет­тері мен халықтар­дың өткен тарихы тең құндылыққа ие екендігі тұрғы­сы­нан түсіну маңызды. Бір мәдениет екінші мәдениет­тен жоғары тұра ал­майды, бір халық­тың тарихын ай­рықша ерекшелеп қарауға, сондай-ақ басқа халық­тардың тарихы, әдет-ғұрыптары мен тілдеріне менсін­беу­шілік танытуға болмайды. Бөтен, тіпті жат немесе нашар тарих бол­майды. Сонымен бірге ғалымдар қауы­мы диктатор­ларды, жендеттерді және басқа да жағымсыз тарихи тұлғаларды сынға алуда бір пікірде болуы тиіс, өйткені олардың әрекет­терін ақтау жағым­сыз саяси салдар мен тарих­ты жалған қабылдауға әкеп соғуы мүмкін. Бейнелеп айтқанда, халықтар тари­хы - біздің ортақ үйіміз, онда тіршілік етуші­лердің барлығына да жайлы болуы керек.

Тарих пәнінің міндеті - жас ұрпақты өткеніміздің жарқын жолын құрметтеуге және ата-бабаларымызды мақтан етуге тәр­биелеу. Отан тарихын білмей, патриот болу мүмкін емес. Сонымен бірге жастар бей­біт­шілік пен келісімнің әмбебап, баламасыз құндылық екенін де түсінуге тиіс.

Сондықтан да Президент орын­ды атап көрсеткен­дей, Қазақ ханды­ғының 550 жы­л­дығын даңғазалыққа жол бермей, парасатты түрде атап өтудің саяси маңызы зор. Бұл дата - шынында да біздің мемлекеттігіміздің дамуындағы атаулы кезең, оның та­ри­хи түп-тамырын еске түсірудің игі өнегесі. Осы мерейтойды атап өту ар­қылы біз халқымыз­дың тәуелсіз мем­лекет құрып, өз даму жо­лын дер­бес таңдау құқығына лайықты түрде қол жеткізгендігін паш етіп отырмыз.

Көрнекті қаламгер Ілияс Есен­бер­линнің «Қазақ­тың өз мемлекеті болған және біздің тарихымыз әлем­дік тарихтың бір бөлігі бо­лып табы­лады» деген пікі­рімен келіспеу мүм­кін емес. Осы орайда, елімізге бел­гілі ғалымдар Қазақ хандығының 550 жылды­ғында өз зерттеулерін қасиетті жерімізде болған ірі тарихи оқиға­лардың сабақтастығы тұрғысынан жалғастырады деп сенемін. Бұл, ең алдымен, барша қазақстан­дық­тар­ға, әсіресе, жастарға және халықаралық қауым­дастыққа халқымыздың тари­хын дұрыс түсіну үшін қажет.

Тарих осы тағдырлы міндетті орын­дауды аса көр­некті мемлекет қай­рат­кері, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баевқа жүктеді. ХХ ғасыр­дың аяғындағы аса күрделі гео­саяси жағ­дайда Президентіміз тәуелсіздікке қол жеткізу жолында шешуші рөл ат­қарып, Қазақстан­ның қазіргі мем­лекеттігін құрды. Оның мықты ерікжігері мен стратегиялық көреген­ді­лігінің арқа­сын­да, барлық шетел­дік болжамдарға қарамастан, еліміз өзінің сан ғасырлық тарихында алғаш рет заңды тұрғыда ресімделген және халықаралық дең­гейде мойындалған шекарасы бар та­быс­ты да беделді мемлекетке айналды. Сон­дықтан Ел­басы әлемдік тарих жылнамасына тәуелсіз Қазақстанның негізін қалау­шы тұлға, көрнекті мемлекет қайрат­кері ретінде енді.

«Үш жүздің ханы» атанып, қазақ мем­лекеттігін нығайтуға елеулі үлес қосқан Абы­лай ханның: «Үш арма­ным бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі, қала, кент сала ал­ма­дым. Үшіншісі, елдің басын бірік­тіре алмадым» деген сөзі бар.Осы аңсаған асқақ арман­дар Президен­тіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың арқа­сын­да орындалды. Бүгінде Қазақстан күллі әлемге жаһандық қауіпсіздіктің нығаюы мен халықара­лық ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосқан тұрақты және бей­бітсүйгіш мемлекет ретінде белгілі. «Нұр­лы жол» экономикалық бағдар­ламасы мемлекеті­міздің жаңаруы мен жаңғыруына жаңа жасампаздық серпін беріп, Қазақстан­ды ауқымды құрылыс алаңына айналдырды. Елі­міз­дің төрінен бой көтерген жаңа елор­­да­мыз - Астана жаһандық дең­гейдегі халық­аралық бастамалар орталығына және Қазақстанды әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына кіретін зама­науи, қарқынды дамушы мемлекет ету жолында өз Көшбас­шысының қажырлы еңбегін шынайы қол­дай­тын халқымыздың жаңа ұлттық идея­сына айналды.

Елбасының «Нұр Отан» партиясы съе­зін­де ұсынған институционалды рефор­малар бағдарламасы - елімізді экономи­калық жағынан ғана емес, саяси тұрғыдан да жаңғыртуды көз­дейтін аса маңызды тұ­жы­рым. Ұлт Көшбасшысының жанында жұмыла оты­рып,бүгінгі қазақстандық ұр­пақ ұлы тарихи мис­сия - азаматтық қо­ғам институттары мен парламента­ризм арқылы халықтың еркі мен дауысы маңызды рөл атқаратын, саяси жүйесі жаңарған мемлекет құру ісіне белсене атсалысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Елбасының барлық мемле­кет­тік қыз­меті іспетті, жаңа бағдарлама - Қа­зақстан халқының қызу қолдауына ие болып отырған және халықаралық қоғам­дастық тарапынан сөзсіз лайық­ты бағасын алатын тарихи инновация», - деді Сенат Төрағасы «Айқын» газетіне.

Соңғы жаңалықтар