«Толқыған Балқаш, тағдырың нешік?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 маусым, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Толқыған Балқаш, тағдырың нешік?»  - баспасөзге шолу

***

«Қасиетті Балқаш көлінің тағдыры жайында әртүрлі басқосуларда, мемлекеттік деңгейдегі кеңестерде айтылып келеді. Сонау 2000 жылдардың тұсында Парламентке Балқаш көлі туралы жеке заң қабылдау керектігі жөнінде де ұсыныс түсті. Дей тұрғанмен, депутаттар корпусы неге жеке Балқаш көлі туралы заң қабылдау керек, одан да ел аумағындағы өзен-көл, су қоймалары жөнінде заң қарастырсақ қалай болар екен деген ой тастады. Ақыры Балқаш көлін сақтап қалу үшін арнайы бағдарлама жасалынсын деген уәжге тоқталды. Қалай болған күнде де табиғаттың берген сыйы Балқаш көлін сақтап қалу, кейінгі ұрпаққа сол мөп-мөлдір күйінде жеткізу бүгінгі аға буынның парызы, һәм міндеті болса керек», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Толқыған Балқаш, тағдырың нешік?» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторының жазуынша, Балқаш көлін әзірше табыс көзі ретінде пайдаланып отырмыз. Ал қазіргі таңда жекеменшікке өтіп кеткен көлдің келешек тағдыры ешкімді толғандырып отырған жоқ. Не нәрсенің де шегі бар, егер көлдегі балық таусылса, оның тағдыры не болады? Балықтың тұқымын көбейтіп, өсіріп, аялы алақанмен қамқорлық жасау керектігіне мән берілмей келеді. Мұнан бөлек, мақалада көл жағасын туристер үшін тартымды мекенге айналдыру бағытындағы жұмыстар да кемшін жүргізіліп отырғаны айтылған. Сондай-ақ мақалада Балқаш экологиясына да баса назар аударылған. «Алайда, жүйелі жүргізіліп отырған сараптама экология саласында да бір кем дүниенің бар екенін айғақтайды. Тексеру барысында орынсыз шығарындылар кездескені анықталды. Мемлекеттік экологиялық талаптар орындалмаған, қоршаған ортаны ластау көздерін тізімдеу жобасы жүзеге асырылмаған, қолға алынбаған. Көпшілік жағдайда өндіріс процесіне мониторинг өткізілмейді. Шаң тазарту тұтқыштары пайдаланылмайды. Өндіріс қалдықтарын рұқсатсыз өртеу жиі кездеседі», - деп жазады автор.

«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында ҚР Парламенті Сенатының дептутаты Ертарғын Астаевтың «Сөз емес, нақты іс қажет» деген тақырыптағы мақаласы жарық көрді. Мақалада Елбасының 5 реформа бойынша 100 нақты қадаммен жаһандық, ішкі-сыртқы қатерлерге төтеп беріп, 30 дамыған елдің қатарына қосылуды алға тартқаны жайында сөз болған. «Мен өмір бойы қарапайым адамдармен жұмыс істеп келемін. Ауыл жайын да, қала тірлігін де бір кісідей білемін десем, артық айтқаным болмас. 100 нақты қадамға көз жүгіртіп отырғанда ойға оралғаны, мемлекеттік қызметкер, ол халық қызметшісі екенін ұғыну болды. Бұл бізден гөрі жастарға қажет екені сөзсіз. Білімі мықты адам, жұртпен жақсы жұмыс істей алады. Ұлық болудың арғы жағында, кішік болу жатқаны мәлім. Мұны жүзеге асыратын ақыл мен парасат, пайым деп ойлаймын. Егер халықпен тіл табыссаң сөзің жерде қалмайды, ісің ілгері басады. Орынсыз қылық жасасаң онда қателесесің. Осыны мемлекеттік қызметте жүрген әрбір жас азамат ой-санасына түйіп, Ұлт жоспарының астарында жұртқа қалтқысыз еңбек ету жатқанын түсінсе деймін», - дейді сенатор.

***

Қазақстан мен Қытайға тел бұрым болып келе жатқан Іле өзені биыл біраз ортайды.Тез арада қолға алынбаса, оның зияны екі мемлекетке де тиюі ықтимал. Балқаш көлі алабындағы Қазақстанның Алматы облысында және Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан Іле өзенінің суы биыл күрт азайып кетті. Осы жайтқа алаңдаған «Айқын» газеті мамандарды сөзге тартқан. Мәселен, географ-биолог Андрей Әбілғазиев: «Іле өзенінің тартылуындағы бірінші себеп Қытай Халық Республикасының Іле өзенінің жарты бөлігін шаруашылыққа көптеп пайдалануынан және сол жерде халық санының көбеюінен, бұрын игерілмеген жерлерді қазір қайта игере бастауынан. Су тапшылығы бұрын да, қазір де ең үлкен мәселенің бірі. Өзеніміздің тартылуы халыққа да үлкен апат болады. Мәселе табиғи процесс болғандықтан, қолға алып, өзгерту өте қиын. Бір жол бар Қытай Халық Республикасымен келісімшартқа отырып, екі елге өзен суы бірдей кетуі қажет», - дейді. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Қазақстан географиясы, экология және оқыту әдістемесі» кафедрасының оқытушысы Қайрат Омаров Іле өзенінің проблемасы 1970 жылдардан басталғандығын, Қапшағай су қоймасының пайда болуы табиғи режимді бұзғандығын атап өткен. «Алғашқы жылдары Балқаш көліне құятын суды бұрғаннан-ақ қолайсыз жайлар байқала бастады. Көлдің деңгейі үздіксіз төмендеп, ал судың минералдылығы көтеріле бастады. Қапшағай су қоймасын толтыруды шектеуге шешім қабылданды, бірақ іске асырылмады. Бұл жобаның жағымсыз экологиялық зардаптарын жан-жақты зерттеу және оны тоқтату үшін жұмыстар әлі күнге дейін атқарылып келеді, дегенмен, нәтиже аз», - дейді ол. Мақала «Көркем Іле, көркің қайда баяғы?...» деген тақырыппен берілген.

«Онсыз да ушығып тұрған халықаралық жағдайды АҚШ одан ары асқындыра түсуге күш салуда. Оны мынадан көруге болады. Мәселен, Пентагонның жаңа әскери-теңіз доктринасы («ХХІ ғасыр. Теңіз күші») «алдағы 5 жылда қай аймақта, қандай қақтығыстар болуы мүмкін?» деген болжам жасап, сол маңға қарулы күштерді топтастыруды ұйғарыпты. Жалпы, доктринада қай мемлекет, қандай лаңкестік топтар АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген мәселе қаралған», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «АҚШ аймаққа көз салды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, АҚШ үшін бірінші кезекте тұрған мәселе, ол Азия Тынық мұхит аймағы. Доктринада көрсетілгендей, 2020 жылға қарай АҚШ осы өңірге әскери-теңіз күштерінің 60 пайызын топтастырмақ. «Неге? Әрине, бұл маңда АҚШ-тың үлкен мүддесі жатыр. Өйткені, Малаккск бұғазы арқылы жылына 50 мың кеме өтеді. Бұл әлемдегі теңіз арқылы тасылатын жүктің 20-25 пайызы. Сондай-ақ осы бұғаз арқылы күніне 14-15 миллион баррельдей мұнай тасымалданады. Яғни жаһандық мұнай тасымалының үштен бірі деген сөз. Нақтылай түсетін болсақ, Парсы шығанағы мен Африкадан Шығысқа әкелінетін қара алтынның 90 пайызы осы бұғаз арқылы өтеді. Демек, теңіз жолының рөлі өте зор. Осы жолға қожалық етуге Қытай, Жапон, Тайван т.б мемлекеттер ұмтылып отыр. Ал мұндай аса маңызды теңіз жолын АҚШ қолдан шығарғысы жоқ. Сол себепті алдағы уақытта әскери-теңіз күштерін осы маңға көптеп топтамақ», - делінген мақалада.