Томас Бах ХОК басшысы өкілеттігін ресми түрде Кирсти Ковентриге тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Лозаннадағы Олимпиада үйінде Халықаралық олимпиада комитеті президентінің өкілеттіктерін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті.

Кирсти Ковентри
Фото: ҚР ҰОК

ХОК-ты 2013 жылдан бері басқарып келген Томас Бах бұл қызметті жүзуден екі дүркін Олимпиада чемпионы, зимбабвелік Кирсти Ковентриге тапсырды.

Ковентри ХОК-тың 10-шы президенті болды және бұл лауазымды атқарған алғашқы әйел және Африка құрлығынан алғашқы өкіл ретінде тарихқа енді. Ол осы жылдың наурыз айында Олимпияда (Грекия) өткен ХОК 144-ші сессиясында сегіз жылдық мерзімге сайланды.

Рәсім барысында Бах Олимпиада үйінің кілтін символдық түрде Ковентриге табыс етті, бұл — басшылық ауысуының дәстүрлі актісі. Кілтті Барселонада 1992 жылғы Олимпиада алауының авторы, испандық дизайнер Андре Рикар жасаған. Залға ХОК мүшелері, спортшылар, қоғам қайраткерлері және халықаралық серіктестерді қосқанда 700-ден астам қонақ жиналды.

Семсерлесуден Олимпиада чемпионы және ХОК тоғызыншы президенті Томас Бах ұйымның ең жоғары наградасы — алтыннан жасалған Олимпиада орденімен марапатталды. Қоштасу сөзінде ол әріптестеріне ризашылығын білдіріп, оның кетуі — жаңару жолындағы саналы қадам екенін атап өтті.

— Жаңа уақыт жаңа көшбасшылықты қажет етеді. Кирсти Ковентри — өмірі олимпиадалық құндылықтармен тығыз байланысты адам. Ол қозғалыстың болашағы үшін өте маңызды жаңа дауыс пен тың көзқарас әкеліп отыр, — деп атап өтті Томас Бах.

Ковентри Бахқа 12 жылдық жұмысы, олимпиадалық қауымдастықтың бірлігі мен оған қолдау танытқаны үшін алғыс айтты.

— Сіз бізге «бірге» идеясына негізделген мұра қалдырдыңыз. Біз бұл мұраны мақтан ете аламыз деп үміттенемін, тіпті ең қиын уақытта да құндылықтарыңызға адалдық танытқаныңыз үшін рахмет, — деді ол.

Ковентри сондай-ақ бірлескен жұмысқа шақырды.

— Біздің экожүйе өрмек сияқты күрделі, бірақ біз біртұтас болсақ күшті. Әркім маңызды рөл атқарады. Тек бірігіп қана болашақ ұрпақты шабыттандырып, армандардың шындыққа айналуына көмектесе аламыз, — деп атап өтті Ковентри.

Бұған дейін хабарланғандай, «Барыс» хоккей командасының бас директоры тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар