Топырақты тоздырмай, құнарын еселейді: ШҚО-да ғалым ерекше биогель жасап жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Күнделікті тұтынатын тағамның табиғи өнім болуы оның қандай топырақта, қандай ортада өскеніне тікелей байланысты. Ауылшаруашылық дақылдардың өнімділігін арттыру және органикалық таза өнім алу үшін ел ғалымдары түрлі жобаларды қолға алып жатыр. Соның бірі – Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ғылыми қызметкері Қыдырмолла Ақатан.
Ол агроөнеркәсіптің негізгі түп тамыры топырақтың ылғалдылығы мен құнарын арттыру үшін целлюлоза негізінде мультикомпозиттік биогидрогель әзірлеп жатыр. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған байқауында жеңімпаз атанды. Kazinform тілшісі ғалыммен сұхбат құрып қайтты.
- Ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай байқалды?
- Қытай Халық Республикасы Алтай өңірінде дүниеге келдім. Он екі жылдық мектепті сол жақта тәмамдадым. 2006 жылы Отанға оралып, еліміздің ауылшаруашылық саласына өз үлесімді тигізу үшін университетте дайындық курсында білім алдым. Кейіннен бакалавр, магистратура, докторантура оқыдым. Докторлық диссертациямды 2020 жылы қорғадым. Оқуды аяқтағанымызбен, ғалымдар өмір бойы оқитын, ізденетіндер қатарынанбыз.
Ес білгелі қоршаған ортада өздігінен жүріп жататын процесстер қызықтыратын. Осы қызығушылығым 2 курс оқып жүргенде ғылымға бет бұрғызды. Білікті жетекші профессордың жол көрсетуімен тапсырыс арқылы жасалатын зерттеу жұмыстарына белсене қатысып жүрдім. Экология, медицина салаларындағы түйіні шешілмеген мәселелерді зерттеумен әлі күнге дейін айналысып келеміз. Ғылыми тәжірибе, зерттеулер бірден нәтиже бермейді. Оған ұзақ жылдар мен шыдамдылық қажет. Топырақтың тозуына қарсы биогель жасау жаңа бағыт емес, бүкіл әлемде жемісін беріп жатыр. Қолданысқа жарайтын, ауылшаруашылығының дамуына үлес қосатын экологиялық таза өнімді жасауға талай жыл бойы еңбек етіп келеміз.
- Биогель қалай жасалады? Оның қолдану аясын айтып өтсеңіз.
- Биогидрогель жасау үшін ауылшаруашылық дақылдарының қалдықтарын қолданамыз. Бұл экология мен экономика тұрғысынан да тиімді. Құралға тыңайтқыш, пайдалы қасиеттер сіңіру үшін жергілікті агроминералдарды иммобилизациялау жүргізіледі. Нәтижесінде біз өсімдіктерді тиімді сорбциялайтын, ылғалды сақтайтын, ыстыққа сезімтал және өсуге ықпал ететін препарат ала аламыз. Бір артықшылығы - пайдаланудың әмбебаптығы. Гель дақылдардың барлық түріне жарамды. Бұл тиімді құралды егіс алдындағы топырақты өңдеу кезінде қолдану қажет. Тамақ өндірісінің қауіпсіздігін жоғарылату мақсатында да зерттеулер жүргізіп жатырмыз.
- Биогельді қашан жасап аяқтауды жоспарлап отырсыз?
- Қазір жоба бойынша жұмыс зертханалық жағдайда жүзеге асырылуда. Отандық егін саласындағы өнімді 20-25%-ға дейін арттыруға сеп болатын жұмысты сәтті аяқтауға күш саламыз. Сондай-ақ гидрогельді өнеркәсіптік көлемде өндіруді жоспарлап отырмыз.
- Қазақстанда ғылымның дамуына көрсетіліп жатқан қолдауға қандай баға бересіз?
- 2018 жылдан бастап ғылымды қаржыландыру, ғылыми идеяларды қолдау жақсы жолға қойылған. Осындай қолдаудың нәтижесінде жастар да ғылымға ынта танытып келеді. Қолға алынған жобалар жемісін беруі үшін ғалым қаржыға мұқтаж. Осы орайда мемлекетіміздің қолдауын сезініп отырмыз. Ғалымдардың арасында тұрақты, жайлы атмосфера қалыптасып келе жатыр десем болады.
Дамыған елдерде ғылымды қаржыландыру кезек күттірмейтін мәселе. Сол себепті де жаңа жетістіктер, жаңа өнімдер барлығы сол жақта пайда болады. Ғылымның адамзат үшін маңыздылығын соңғы жылдары болған әлемдік пандемия көрсетті. Ғылымы дамыған елдер вакцина шығарып, өзгелерге сатты. Ал ғылымы дамымаған елдер сатып алуға ірі көлемдегі қаржысын жұмсады. Осы қаржыны індет пайда болғанға дейін ғылымның дамуына құйса әлдеқайда ұтымды болар еді. Қазір Президентіміз ғылымды қолдап жатыр. Осылай жалғаса берсе алдағы он-он бес жылда өзіміздің ғалымдардың әзірлемелерін қолданатын боламыз деп ойлаймын.
- Еліміздегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы қандай?
- Қазақстанда мұнай, металл салаларынан кейін агро ауқымды дамыған сала. Осыған байланысты ғалымдардың, фермерлердің алдында ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігін арттыру міндеті тұр. Топырақтың құнарлығын төмендететін ауруқоздырғыштармен де күресеміз. Қазіргі таңда органикалық қоспаға сұраныс артқан. Адам денсаулығына, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін өнімдерді тұтыну бұл ұлттық қауіпсіздікке әсер ететіні сөзсіз. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында қолданылатын топырақтың 75%-дан астамы тозуға ұшыраған. Қалған 25% тәуекел аймағында. Мұның бәрі өнімділіктің төмендеуіне және үлкен қаржылық шығындарға әкеледі. Осы статистиканы жақсарту мақсатында зерттеу тобымыз жұмыс істеп жатыр.
- Әңгімеңізге рахмет!