Торғай өңірінде жайлаудағы мал шаруашылығын дамытуға 6 пайыздық несие бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында ауыл халқына көрсетілетін қолдау түрлерін атады.

жайлаудағы жылқылар лошади на пастбище кони на жайлау
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

— Біріншіден, мал шаруашылығының барлық бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін 5% жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылады, — деді Аманғали Бердалин.

Министрліктің мәліметі бойынша бұл бағдарламаны іске асыру үшін 450 млрд теңге қажет. Оның ішінде 150 млрд теңгесі қазірдің өзінде бюджетте қарастырылған. Осыған қосымша 300 млрд теңге керек деген сөз.

— Екіншіден, төрт түліктің бәріне асыл тұқымды мал басын сатып алуға 6%-бен ұзақ мерзімді жеңілдікті кредит беру бағдарламасы іске асырылады (жалпы қажеттілік — 240 млрд теңге, оның ішінде 120 млрд теңге, қосымша қажеттілік — 120 млрд теңге), — деді вице-министр.

Кешенді жоспар аясында Қостанай облысының Торғай өңірі мен Ұлытау облысында жайлауға көшіп мал бағатындарға 6%-дық несие берілетіні айтылды.

— Бұл несие жайылымдарды қоршау, суару жүйесін тарту сияқты инфрақұрылым жобаларына жұмсалу керек, — деді Аманғали Бердалин.

Еске салсақ, бейсенбіде өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Торғай өңіріне қажетті қаражат бөлуді тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар