Торғай ЖЭС-і салынса, елдің орталығы мен солтүстік-батыс өңірі электр қуатынан тапшылық көрмейді
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қостанай облысында қуаты жағынан қазіргі Екібастұз МАЭС-інен және құрылысы биыл басталатын Балқаш жылу электр стансысынан кем түспейтін алып нысан салынатын болады. Ол – Торғай жылу электр стансысы. Мұндай ақжолтай жаңалықты кеше Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма
төрағасы Марат Толыбаев жеткізді.
Сонымен, Торғай жылу электр стансысын салуға қандай жағдай түрткі болып отыр? Бұл стансыға сипаттама бермес бұрын, алдымен осы сұрақтың түйінін тарқатып алсақ. Қазақстан қарқынды дамыған 2000 мен 2008 жылдардың аралығында экономикамыздың құрылымында таяу перспективада шешуді қажет ететін бірқатар түйткілді мәселелер анықталған еді. Соның бірі экономика ауқымының өсуімен бірге ұлғайып келе жатқан электр энергиясының тапшылығы проблемасы. Бұл проблема республикамыздың кейбір аймақтарында, әсіресе оңтүстік, орталық және солтүстік-батыс өңірлерінде айрықша байқалуда.
Ресми деректерге сүйенсек, 2007 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі 76,44 млрд. кВт/сағ. құраған және 2006 жылмен салыстырғанда 4,67 млрд. кВт/сағ. немесе 6,5 пайызға артқан. Жалпы электр қуатын тұтыну көлемінің ұлғайғандығы барлық облыстарда байқалған. Дегенмен, қазіргі қаржы дағдарысының әсерінен туындаған қиыншылықтарға байланысты 2008 жылдың қараша айында электр энергиясын тұтыну көлемі 6 пайызға, ал желтоқсан айында 8 пайызға төмендеген. Ал 2009 жылғы қаңтардың алғашқы үш аптасында бұл көрсеткіш 10,5 пайызға дейін азайған. Бұл әрине қазіргі уақытша қиыншылықтардың әсерінен болып отырған дүние. Алайда, дағдарыстың мәңгілік еместігін, әйтеуір бір аяқталатынын, содан кейін ел экономикасында қайтадан өрлеу басталатынын ескерсек, электр энергиясының жетіспеушілігі бәрібір таяу перспективада Қазақстанның алдында тұрған маңызды проблемалардың бірі болып қала беретіні анық. Оған мына дерек мысал бола алады: мамандардың сараптауы бойынша 2015 жылға таман елімізде электр қуатына сұраныс артады, сондықтан экономикада қандай да бір қиындықтарға тап болмас үшін оны өндіру көлемін де сәйкесінше ұлғайта түсу қажет. Осыны ескерген Үкімет экономиканың күретамырындағы мұндай мәселені шешу үшін бірқатар маңызды шешімдерді қабылдап, жүзеге асыра бастағаны белгілі. Соның бірі - Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Қазақстандағы электр энергетикасы саласын дамытудың 2015 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары. Бұған сәйкес, электр қуатының тапшылығын келешекте электр энергиясын өндіретін қолданыстағы стансыларды қайта жөндеуден өткізіп, жаңғырту, сондай-ақ қуат өндіретін жаңа стансыларды салу арқылы шешу көзделіп отыр. Бұл күндері жоғарыдағы іс-шаралар жоспары шеңберінде бірқатар жұмыстар істелуде. Қазақстанның қазіргі қаржы дағдарысына, қиын-қыстау кезеңге қарамастан, электр энергиясы саласындағы олқылықтардың орнын толтыруға батыл қадам жасайтынын биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қадап айтты. «Мойнақ су электр стансысының құрылысын биыл аяқтаймыз, Екібастұз 1-МАЭС-ін кеңейту және қайта жарақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Ол жерде сегіз блоктың орнына төрт блок жұмыс істеп тұр. Бұл дайын, шығынды қажет етпейтін электр қуаты. Екібастұз 2-МАЭС-інің үшінші энергия блогын салу жұмысын жалғастырамыз, биыл Балқаш жылу электр стансысының құрылысын салуды бастаймыз», - деп атап көрсетті Жолдауда Президент. Бұйырса енді электр энергетикасы саласындағы Президент айтқан ауқымды жобалардың қатары тағы бір алыппен толығатын тәрізді. Ол жоғарыда айтқан Қостанай облысында салынатын Торғай жылу электр стансысы. Қазақстанның «Энергия» ғылыми-зерттеу институтының есеп-қисабы бойынша, еліміздің солтүстік аймағындағы электр қуатының тапшылығы 2020 жылға қарай 1800 мегаватқа, ал 2030 жылға таман 2000 мегаватқа жетпек. Ал Торғай электр стансысын салудағы негізгі мақсат - республикамыздың орталық, солтүстік және батыс өңірлеріндегі электр қуатының тапшылығы проблемасын шешіп, халықты арзан қуатпен қамтамасыз ету. М. Толыбаевтың айтуынша, жобаның құны 3,8 млрд. АҚШ долларына жуық. Алдын ала есеп бойынша, оның құрылысын 2011 жылдың орта тұсында бастап, 2015 жылы аяқтау көзделіп отыр. Сол жылы стансының қуаты 500 мегаваттық бірінші блогы іске қосылмақ. Электр стансысында әрқайсысының қуаты шамамен 500 мегаватт болатын, барлығы төрт блок салу жоспарлануда. Қалған үш блок жоспарға сәйкес араға 1,5-2 жылдан салып барып пайдалануға берілмек. Ал жобаның өзі бес кезеңге бөлініп жүзеге асырылатын болады. Қазір электр стансысының техникалық-экономикалық зерттеуі дайын болған. Ал техникалық-экономикалық негіздемесі бір жылдың ішінде әзірленіп бітеді.
Осы тұста: «Бұл жобаны кім қаржыландырады?» деген заңды сауал туындайды. М. Толыбаев «Тобыл» ӘКК басшылығы мүдделі мемлекеттік органдармен кеңесе келе жобаны қаржыландыратын инвесторды электр стансысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болғаннан кейін іздеу туралы тоқтамға келіпті. «Себебі бұл құжаттан инвестор жобаның қаржылық жағының жай-жапсарын, одан қанша пайда табуға болатынын білетін болады. Кез келген инвестор үшін бұл маңызды мәселе. Сондықтан бұл жобаны толықтай кім қаржыландыратынын қазір дөп басып айту қиын», - дейді М. Толыбаев. М. Толыбаевтың сөзіне қарағанда, Торғай электр стансысы көмірмен жұмыс істейтін болады. «Қостанай табиғи байлықтардан кенде емес. Облыстағы Торғай көмір бассейнінде 20 млрд. тонна қоңыр көмірдің қоры бар. Мұның 5,6 млрд. тоннасы ашық тәсілмен өндіріледі. Біз бұл байлықты тиімді пайдалануымыз қажет. Осындай алғышарттарды негізге ала отырып, бір жыл бұрын біз осы жобаны қолға алдық», - деген «Тобыл» ӘКК басшысы электр стансысының экологияға әсерінің де есеп-қисабы жасалғанын жария етті. Осы орайда ол «бұл электр стансысы аймақтың экологиясына зиянын тигізеді» деп даурығуға еш негіз жоқтығын алға тартып, жобаға ең заманауи экологиялық талаптар енгізілгенін жеткізді. «Қазақстан-2030» Стратегиясында энергетикалық ресурстарды дамыту ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Жоғарыда айтылған іс-шаралар жоспарын орындау еліміздегі электр энергиясын тұтыну көлемінің болжанған өсімін жабуға мүмкіндік береді және қуаттың қажетті қорын қамтамасыз етеді. Олай болса, Торғай жылу электр стансысының салынатыны туралы хабар еліміздің орталығы мен солтүстік-батыс өңірінде тұратын жұрт үшін жағымды жаңалық болғаны рас. Егер ойға алған мақсаттар орындалса, онда қуаты жағынан Екібастұз МАЭС-інен және Балқаш жылу электр стансыасынан кем түспейтін бұл нысан айтылған өңірлердегі электр энергиясының тапшылығынан құтқаруы тиіс.