Төрт азаматтың 3 миллионнан астам қаржысын иемденіп кеткен алаяқ жеті жылға бас бостандығынан айырылды
ОРАЛ. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Әміржан Сарбалиновке қатысты ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімі «б» тармағы (алаяқтық), 312-бабы 4-бөлімі «б, в» тармақтары (пара беру) бойынша қылмыстық істер қозғаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Ә.Сарбалинов алдау жолымен 2007 жылғы сәуір мен шілде аралығында Орал қаласы әкімдігінде жұмыс жасайтын өзінің танысы А. арқылы жер телімін алуға көмектесемін деген сылтаумен, 4 азаматтың жалпы сомасы 3 млн. теңгеден астам ақша қаражатын иемденіп кеткен. Сонымен қатар оның әкімдіктегі танысы жер телімін бөлумен айналысатынын және ақша қаражаттары оған пара ретінде беретінін айтып, азаматтарды пара беруге итермелеген.
Орал қалалық соты А.Сарбалиновті осы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге үкім етті.