Төрт қарулы адам Каддафидің ұлы Сейф әл-Исламды өз үйінде өлтіріп кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Ливияның бұқаралық ақпарат құралдары елдің батысындағы Зинтан қаласына жақын жерде Сейф әл-Ислам Каддафидің төрт қарулы адамның қолынан қаза тапқанын растады. Бұл туралы Еuronews жазды.

Сейф әл-Ислам Каддафи
Фото: EPA/Scanpix

Сейф Каддафидің саяси кеңесшісі Абдулла Осман Facebook парақшасында қысқа хабарлама жариялап, бұл фактінін растады. Алайда ол қастандықтың мән-жайы мен оны жасағандар туралы ешқандай мәлімет келтірмеді.

Сейф әл-Ислам Каддафидің саяси командасы Ливияның бұрынғы марқұм көшбасшысының ұлының қазасына байланысты ресми түрде көңіл айттты.

«Қазіргі уақытта Сейф әл-Исламның мәйітін елге қайтару мәселесі ұйымдастырылып жатыр», делінген мәлімдемеде.

Al Hadath телеарнасының Каддафи әулетіне жақын дереккөздерінің мәліметінше, әл-Ислам өз резиденциясының жанындағы бақта жүрген кезінде ауыр жарақат алған. Шабуыл жасағандар төртеу болған және олар оқиға орнынан дереу із суытып кеткен. Ал Al Jazeera телеарнасы қастандық жасалар алдында Каддафидің үйіндегі барлық бейнебақылау камералары істен шығарылғанын хабарлайды.

Өз кезегінде Ливияның Ұлттық бірлік үкіметінің Қорғаныс министрлігіне бағынатын 444-ші жауынгерлік бригада Каддафидің үлкен ұлы қарулы қақтығыстар барысында қаза тапқанын алға тартып отыр. Алайда бригада жауынгерлері бұл оқиғаларға қатысы барын жоққа шығарды.

1972 жылғы маусым айында дүниеге келген Сейф әл-Ислам Ливияны ұзақ жылдар басқарған диктатордың екінші ұлы болған. Ол Лондон экономика мектебінде докторлық дәрежесін қорғап, Каддафи режимінің реформаторы ретінде танылған.

Муаммар Каддафи 2011 жылы НАТО қолдаған халықтық көтеріліс нәтижесінде биліктен тайдырылып, 40 жылдан астам уақытқа созылған басқарудан кейін елде басталған азаматтық соғыс барысында қаза тапқан еді.

Ал оның ұлы Сейф әл-Ислам 2015 жылы өлім жазасына кесілген. Алайда араға 2 жыл салып ол бостандыққа шықты.

Соңғы жаңалықтар