Төрт қазақстандық шетелдегі террористік қызметті қаржыландырып отырған
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы қаржы полициясы органдары радикалды діни ағымдардың өкілдеріне және олармен сыбайлас тұлғаларға қатысты экономикалық және қаржылық қылмыстарды жасау фактілері бойынша 81 қылмыстық іс қозғады, олардың 50-і қарау үшін сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржы полициясының баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оған қоса, аталған кезеңде терроризм мен экстремизмді қаржыландыру фактілері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс ағымдағы жылы жандана түскен. Мәселен, 2014 жылғы 16 қаңтарда Қарағанды облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті 2012-2013 жылдары жалпы мөлшері 600 мыңнан астам теңгені шетелге аудару арқылы террористік қызметті қаржыландырған 3 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, 31 қаңтарда Атырау облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті Ж. деген азаматқа қатысты терроризмді қаржыландыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оған банктік аударым арқылы 2 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатты шетелге жіберу жолымен халықаралық террористік ұйымды қаржыландырды деген күдік тағылуда. Қылмыстық істер тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.