Төрт шетелдік сайттың Қазақстанда қолжетімділігіне тыйым салынды
Бұл әрекетке осы интернет-ресурстардың алкогольді өнімдерді заңсыз жарнамалауы себеп болған. Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласының Түркісіб аудандық прокуратурасы алкоголь өнімдерін жарнамалаудың заңдылығын тексеру мақсатында интернет-ресурстарға мониторинг жүргізген болатын. Бақылау жүргізу барысында 4 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының сайттарында «Кизлярка», «Ягати», «Мескаль» атты алкогольді өнімдердің жарнамасы заңсыз таратылатындығы анықталды. Бұл сайттар қазақстандық интернет пайдаланушылар үшін қолжетімді екені белгілі. Аталған өнімдерді жарнамалау Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 14-бабы мен Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңының 13-бабының талаптарына қайшы келіп отыр. Соңғы, 13-баптың талаптары бойынша этил спирті мен алкогольді өнімдерді жарнамалауға тыйым салынған. «Прокуратура осы деректер негізінде интернет-ресурстарға орналастырылған жарнамалардың заңсыздығы және олардың Қазақстан Республикасының аумағына таралуына тыйым салу туралы аудандық сотқа 4 арыз түсірді. Осылайша, Түркісіб аудандық сотының шешімі бойынша жоғарыда аталған 4 интернет-ресурстың беттерінде алкогольді өнімдерді жарнамалауға тыйым салынды. Мұндай жарнаманы тоқтатпайынша, бұл интернет-ресурстар Қазақстан аумағында қолжетімсіз болады» - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген түсініктемесінде Алматы қаласы прокурорының ресми өкілі Гүлнар Бердібекова. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 14 бабының 3-тармағында: «Алкоголь өнімдерін жарнамалауға 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынады» делінген. Аталмыш интернет-ресурстардың атаулары алдағы уақытта белгілі болады.