Төрт жылда допинг қолданған 124 қазақстандық спорттан шеттетілді
«Допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін 2016 жылы 14 спортшы 2 жылдан 4 жылға дейін, 2017 жылы 15 спортшы (оның ішінде 1 өмір бойына) және 1 жаттықтырушы, 2018 жылы 37 спортшы, 2019 жылы 44 спортшы, 2020 жылы 14 спортшы жарыстан шеттетілді. Дисквалификация кезеңінде спортшы мен жаттықтырушыға спорттық іс-шараларға және спорттық іс-шаралар шеңберіндегі оқу-жаттығу процесіне қатысуға рұқсат етілмейді», - деп допинг үшін спорттан шеттетілгендер саны көрсетілген құжатта.
Осыған байланысты министрлік Еңбек кодексіне дисквалификация уақытында спортшы мен жаттықтырушыны шаттағы қызметкерлер қатарынан шығару нормасын енгізуді ұсынып отыр.
«Қазіргі уақытта құрама команданың мүшесі еңбек шарты негізінде штаттағы қызметкер саналады. Бұл ретте ҚР Еңбек кодексінде спорттық қызметтің ерекшелігін ескере отырып, оны бұзған жағдайдағы негіздер көзделмеген. Атап айтқанда, өмір бойына немесе 6 ай я болмаса одан да көп мерзімге спорттан шеттету кезінде спортшы мен жаттықтырушы да жұмыс істемейтіні белгілі. Алайда Еңбек кодексіне сәйкес, аталған негіздер еңбек шартын бұзу үшін негіз болып табылмайды», - деп ұсыныс жазылған консультативтік құжатта.
Бұған қоса, тиісті құжатта 2000-2021 жылдар аралығында Олимпиада ойындарында ұлттық құрама спортшылары жеңіп алған лицензия саны 111-ден 98-ге дейін қысқарғаны және оған қандай факторлар себеп болғаны жазылған.