Төртінші сыныптың екі оқушысы Малайзиядағы халықаралық мектеп грантын жеңіп алды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғар қаласындағы №7 мектеп-лицейінің 4-сынып оқушылары Аңсар Сарқытбек пен Айша Назар халықаралық грант иегері атанды.
Олар Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Cambridge бағдарламасы бойынша білім беретін халықаралық мектептің грантын жеңіп алды.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, тестілеу кезінде Аңсар Сарқытбек пен Айша Назар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсеткен. Халықаралық грант иегерлері 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап 4-сыныптың екінші жартыжылдығын Малайзиядағы халықаралық мектепте жалғастыратын болады. Оқушылардың оқу ақысы толық көлемде төленген.
- Қуанышты жаңалықты мектеп ұжымы ыстық ықыласпен қабылдап, оқушылар мен олардың ұстаздарын құттықтады. Шетелде білім алу жас дарындар үшін болашақтағы жетістіктерге бастар маңызды қадам болып, жаңа халықаралық мүмкіндіктерге жол ашады, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, биыл алматылық оқушы Арман Сабыржан әлемнің ең беделді оқу орны – Гарвард университетінің білім грантын жеңіп алды.