Төтенше апаттардың алдын алуда жедел қимылдайтын министрлік, ұшқыр ойлайтын министр керек- А. Смайыл

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Апат айтып келмейді». Десе де табиғаттың тосын мінезінен зардап шекпеуді алдын ала ойластырған оңды болатыны сөзсіз. Бірақ бүгінгі Қазақстанның өңірлерінде орын алған апаттардың табиғи сипатымен қоса, техногендігі де, жауапты тұлғалар тарапынан алдын алу шараларының
None
None

уақтылы қамтылмауы да қатар айтылып жүр. Кеше Қызылағаш қаралы түнге оранса, ендігі апат қаупі шығыстан есіп тұр. Ендеше, билік басындағылар шығыстағы мал-жанды апаттан арашалап қалу үшін қандай қам жасап жүр, деген сұрақ туары орынды. Сондықтан да, бүгінгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында атқарушы биліктің, жауапты министрліктің атына орынды сын айтылып отыр.

Депутаттар сауалын жариялауды бастағанда әуелгі сөзді алған депутат Нұртай Сабильянов ақпарат құралдарынан апат хабарлары жеткіліксіз көрсетіліп жатқанын ескерген болуы керек, бейне-баянды да құшақтай келіпті. Шындығында, бұдан бұрынғы Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі ақпарат құралдары жағдайды «жұлмалап» дұрыс түсіндірмей жатыр деп өкпе айтқан болатын. Ал депутаттың бейне-баяны осындай олқылықтың орнын толтыруға арналғандай боп шықты. Деректерге сүйенсек, 2010 жылғы наурыздың 17-ісінде ауа райының күрт жылынуы салдарынан Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарында елді-мекендерді су басып, төтенше жағдай қалыптасқан. Өңірдегі Абай, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Үржар, Ұлан аудандарының 26 елді-мекенін су басып, жұртшылық ауыр зардап шегуде. «Су астында 1 мың 187 тұрғын үй, 1 мың 512 қора-жай, 323 қыстақ қалып отыр. 836 тұрғын үй, 479 қора-жай, 24 қыстақ, 8 көпір қирап, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды су шайып кеткен. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, 8 мың 296 ірі қара мал, 33 мың 400 қой-ешкі, 1 мың 960 жылқы малы қырылған», деді депутат. Оның айтуынша, өте күрделі жағдай Тарбағатай ауданында қалыптасып отыр. Мәселен, наурыздың 18-19-ы күндері Тарбағатай ауданына қарасты Көкжыра, Жәнтікей, Қызыл-Кесік, Көктүбек ауылдарын су басып қалды. Ал бүгінгі күні аудан бойынша 650 баспана, 748 қора-жай, 50 қыстақ су астында қалған. 423 үй, 465 қора-жай, 24 қыстақ қираған. Әлі де аудан бойынша 34 мың 660 тұрғыны бар 13 ауылдық округтің 33 елді-мекенін су басу қаупі бар екен.

«Қолайсыз ауа-райы мен арнайы техниканың жетіспеуі төтенше жағдайды жою мен оның алдын алу шараларын шұғыл жүргізуге мүмкіндік бермеуде. Осыған байланысты Үкімет тарапынан бірқатар шаралар атқарылса игі. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылуы тиіс. Су тасқыны салдарынан құлаған, пайдалануға жарамсыз болған үйлерді жаңадан салуға қаржы бөлінуі керек. Апаттан зардап шеккен елді-мекендердің азаматтарына шығын болған малдары үшін бюджеттен ақшалай өтемақы төлеуді қарастырған да орынды. Су алып кеткен елді-мекендердегі мектептердің оқушыларын оқу процесімен қамтамасыз ету, мектеп түлектеріне бірыңғай ұлттық тест тапсыру және оқу орындарына түсу үшін жеңілдіктер мен жағдайлар қарастыру, бюджет саласы қызметкерлеріне еңбекақысын уақытында төлеу, пайдалануға жарамсыз білім және әлеуметтік нысандарын қайта салуды қарастыру қажет. Бұнымен қоса, ата-аналары су тасқынынан зардап шеккен, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерге мемлекеттік грант, білім несиесін беру де шешімін тапса игі», деді Н. Сабильянов. Сонымен қатар, депутат апат орын алған елді-мекен тұрғындарына табыс көзінің жоқтығын ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде балаларына жәрдемақы беру, атаулы көмек көрсету қажеттігін алға тартты.

Сауалға орай, Палата төрағасы Үкіметте кеше түнде ғана арнайы комиссия құрылғанын, ол комиссия төрағасы Вице-премьер Ө. Шөкеев бастаған топ апат аймағына кеткенін хабарлады. «Бізге жеткен жедел деректер бойынша қазіргі күні қауіпті жағдай Абай, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Күршім аудандары мен Риддер қаласында орын алып отыр. Бүгінгі күні 1 мың 107 үйді су алып кетсе, оның 428-і қираған. 9 мың адам басқа жерге көшірілсе, олардың 4 мыңға жуығы уақытша қайтадан оралыпты. Үкімет тарапынан апаттың алдын алу мақсатында 800 млн. теңгеден астам қаражат бөлініпті. Осы комиссияның жұмысы барысында бүгінгі депутаттар көтерген мәселелер ескеріледі деген сенімдемін», деді Мәжіліс Төрағасы.

Ал осы апат төңірегіндегі әңгімені қаузаған депутат Алдан Смайыл Төтенше жағдайлар министрлігі мен оның өңірлердегі құрылымдарының табиғат апаттарының алдын алуды ұйымдастыру деңгейі жағынан да, техникалық мүмкіндігі мен моральдық жауапкершілік жағынан да қабілетсіз болып отырғанын айтты. Бұған дәлел кешегі Қызылағаш, бүгінгі Шығыс Қазақстан. «Министрліктің тасқын тудыру қаупы бар су қоймалары мен тоғандарды биылғы қарлы қыста ерте анықтап, олардағы су қорының деңгейін ұдайы бақылауда ұстамауы қылмысқа пара-пар бейғамдық. Мұндай жайбарақаттықты министрлік те, оның басшысы В. Божко да ешқандай себептермен ақтай алмайды. Қазақстан толағай тау оранған Тәжікстан мен Қырғызстан емес. Қатал мінез танытқан қаһарлы жылда екі-үш таулы өңірді қадағалай алмау немқұрайдылықтың өрескел көрінісі. Министрлік жетекшілері бұған қаншалықты қынжылып жүргенін өздері біледі. Олар адам шығынына алып барған, дүр сілкіндірген оқиға кезінде апаттан орны толмас жапа шеккен елден кінәсін мойындап, ресми түрде кешірім сұрауға да жарамады. Керісінше су тасқыны болатыны айтылды деп жалған ақпарат беруге тырысты. Шындықты ашық айтқан бұқаралық ақпарат өкілдеріне сес көрсетпек болды», дейді А. Смайыл. Депутат бұл ретте Төтенше жағдайлар министрлігінің қазіргі деңгейдегі қызметін апаттың алдын алушы емес, міндеті мен негізгі қызметін апаттардан соң ғана еске түсіретін ұйқыдағы ұйымға көбірек ұқсатады. Бұған дәлел ретінде Шығыс Қазақстанның қыс бойы қар жамылғанын, көктем қатерлі болатынын біле тұра, ертерек дабыл қақпауын, кеш қимылдауын алға тартады. «Осының бәрі Төтенше жағдайлар министрлігінде ұйымдық және құрылымдық өзгерістер жасау қажет екендігін көрсетеді. Ауа райы құбылмалы, жер көлемі ұшан-теңіз Қазақстан секілді кеңбайтақ республикаға жедел қимылдайтын министрлік, ұшқыр ойлайтын министр керек. Осы жерде кәрлі қыста жем-шөбі таусылып, өрісі тарылған шаруа адамына дер кезінде көмек көрсете алмаған Ауыл шаруашылығы министрлігіне де елдің ренішті екенін атап айтуға тиіспіз. Министрлік басқасын былай қойғанда, қырылудан аман қалған малды әрі қарай сақтауды да ұйымдастыра алмай отыр. Арзан пайда көздегендер қысылған елден малды су тегінге әкетіп жатыр. Мәселеге екінші жағынан келсек, апатты жағдайларға ұшыраған елге моральдық қамқорлық көрсетудің барлық жолдарын қарастырып болған жоқпыз. Біз мал-мүлкінен айырылған ауылдар тұрғындарының жоғары оқу орындарында ақылы білім алып жатқан жастарына мемлекеттік грант беру туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың ұсынысына қосыла отырып, осы елді мекендердегі шаруа қожалықтарын бір жылға салықтың барлық түрінен босату қажет деп санаймыз. Олар табиғат апатынан тұралаған шаруасын қайта қалпына келтіргенше мемлекеттің осындай жеңілдіктерін пайдалануға тиіс», деді депутат А. Смайыл.

Ал Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы апатқа келгенде өз әріптестерінің бірі қынжылып отырса, енді бірі атқарушы билікті қорғауға көшкеніне налыған депутат Рауан Шаекин мәселені төтесінен қойды. «Хронология бойынша келетін болсақ, Қызылағашта 38 адам қаза болды, оның ішінде балалар да бар. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде апаттың біртіндеп орын алуы да байқалады. Осындай табиғи апаттар тиісті министрліктің бұндай шараларға еш дайындығы жоқтығын байқатты. Бүгін Үкімет ұлттық компаниялар мен жергілікті атқарушы органдардан, бизнесмендерден тиын-тебен жинауға көшті. Бұл кәсіби қадам емес деп санаймын», деді депутат. Бұл ретте Ресейдегі лаңкестік оқиға бойынша төтенше жағдайлар ведомствосының әрекетіне бүкіл жұртшылық тәнті болғанын айтқан Р. Шаекин, Қазақстанда жағдай мүлдем кереғар екендігін алға тартты. «Парламенттегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы бюджет үшін бірауыздан дауыс беріп отыра бермеуі тиіс. Біз Үкімет резервіне 37 млрд. теңге белгілеп бердік. Бюджет кодексіне сәйкес, бұл қаражатты апаттардың салдарын еңсеруге жұмсаймыз деп анықтағанбыз. Ендеше, қаражат осы тұстан бөлінуі тиіс. Ал адами көңіл-күймен бір күндік жалақыны бөлу дегеніңіз мәселеге мемлекеттік деңгейде мән бермеумен бірдей! Сондықтан да, фракция стихиялы апат орын алған жерлерге барып, жағдайды көзімен көріп, бағалауы шарт», деді Р. Шаекин.

Соңғы жаңалықтар