Төтенше жағдайлар министрі жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко сәуірдің 1-2-сі күндері жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сапар барысында ведомство басшысы облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесіп, Көксарай тоспасының құрылысы және министрлік құрылымдарының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болдырмауға әзірлігі мәселелерін талқылады.ТЖМ министрі мен аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Көксарай тоспасы нысандарының үстінен ұшып өтті.Бүгінде тоспада жұмыстар қыза түсуде. Оның нысандарының алғашқы кезегін 2010 жылғы қаңтардың 1-іне дейін аяқтау көзделіп отыр. Құрылысқа 50-ге тарта мердігерлік ұйымдар мен компаниялар тартылған. Бұдан кейін министр Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінде болып, құрылымдық бөлімшелер басшыларымен кеңес өткізді, онда ол ТЖ департаментінің бастығы Уәлихан Ережеповке алғысхат, бірқатар қызметкерлерге «Қазарсенал» ғылыми-өндірістік бірлестігі нысанда болған өртті ауыздықтауда ерлік көрсеткені үшін «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» төсбелгілерін тапсырды.