Той кортежін 90-жылдардың үлгісінде жасаған ақтөбеліктер жазаланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Той кортежіне қатысқан жүргізушілер жол қауіпсіздігі ережесін сақтамады. Жүргізушілер әкімшілік жауапқа тартылды.

Той кортежі
Фото: Polisia.kz

Заң бұзу әрекеті Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында тіркелді. Той кортежіне қатысқандар күндіз көліктің жарығын жағып, дыбыстық сигнал берген. Сонымен бірге адамдар жүк көлігіне мініп алған.

Той кортежі
Фото: Polisia.kz

- Желіде 90-жылдардағы тойларды еске түсірген бейнежазба қызу талқыланып жатыр. Мерекелік көңіл-күй жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға кедергі болмауы тиіс. Полиция қызметкерлері бейнежазбаға жүргізген мониторинг барысында бірнеше көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін бұзғанын анықтады. Жолаушыларды көлік кабинасынан тыс тасымалдап, сондай-ақ күндіз сыртқы жарық беру құралдары мен дыбыстық сигналдарды пайдаланған. Олардың Қарғалы ауданының тұрғындары екені белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, мұндай заң бұзушылық Қызылорда облысында да тіркелді. Маневр жасау талаптарын сақтамау, жол қозғалысына қатысушыларға авариялық жағдай туғызу, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару, сондай-ақ көлік құралына арнайы жарық сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату тәртібін бұзу фактілері тіркелді.