«Тойға бала ертіп барған дұрыс па?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 мамыр, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Тойға бала ертіп барған дұрыс па?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, 2011 жылдан бастап Қазақстанда құрамында кодеині бар препараттарды еркін сатуға тыйым салынды. Аталған препараттарды енді тек дәрігердің рецептімен ғана сатып алуға болады. Бұл шара құрамында кодеині бар препараттарды теріс пайдалану себептеріне байланысты қолға алынды. Нашақорлардың осындай препараттардан дезоморфин есірткісін (фармакологиялық әсері жағынан морфинге ұқсас, бірақ одан да уытты) пайдаланатындығы туралы мәселе өзекті болып табылады. Нашақорлар ерітіндіні шаптағы көк тамырға немесе санның бұлшық етіне енгізеді, оның салдарынан олардың басым көпшілігінде гангрена (қағыну) жылдам түрде дами бастайды. Мұндай жағдайда дәрігерлер кодеинді пайдаланушы нашақорлардың өмірін тек аяғын кесу арқылы ғана сақтап қала алады. Егер героинді қолданатын нашақорлар орташа есеппен 5-7 жыл өмір сүрсе, ал дезоморфинге үйір жандар 1-2 жыл ғана ғұмыр жасайды.Осы мәселені арқау еткен мақала «Дәріханаларда қатерлі мөлшер?» деген тақырыппен жарияланды.

Бас бысылымда «Күн арба жарымжандарды қуанышқа бөлейді» атты материал берілген. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қызметкері Сатылмыш Чайыр күн көзінен қуат алатын арба жасап шығарды. Арнайы қойылған батереялар арқылы күннен қуат алған ток аккумуляторға жиналып, арбаны қозғалысқа түсіреді. Көшеде де жүріп-тұруға ыңғайлы үш аяқты көлік мүгедек жандар үшін таптырмас құрал болып отыр. Жуырда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Осман Хората Кентау қаласында болып, күн арбаны 1-топ мүгедегі Жәнібек Бекмұратовқа тарту етті.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, бірқатар қазақ басылымдары біраздан бері «той-томалаққа келетін адамдарға жас ерекшеліктеріне қарай шектеу қою» мәселесін көтеріп жүр. Өйткені әдепке жүгінген той иесі өз қонақтарының қаптатып бала ертіп келуіне тыйым сала алмайтыны мәлім. Осындай думанға бет алғандарға кейде жақын-жуық, тіпті көрші-қолаңдары, қалдырып кететін жер таппай, балаларын ертіп жібереді. Нәтижесінде, топырлаған кішкентайлар үстел басында отырмай, өз беттерімен ойнап, білгенін жасайды, тойға келгендердің мазасын кетіреді. Тіпті аяғына оратылған балақайлармен алысып, асабаның есі шығатын кездер де кездеседі. Мұндай «бала-базармен» күресуде енді қалаулылар көмекке келді. Сенатқа қызықты құжат келіп түсті. Сенаторлар Мәжілістегі әріптестері мақұлдаған жаңа «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» жобасын қарауға кірісті. Онда елді елең еткізерлік жаңалықтар жетерлік екен. Мәселен, кәмелетке жасы толмағандарға түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарында жүруге шектеу қойылады. Бұл ретте бұрыннан бар осы талапты қолдану аясы кеңейтілгелі тұр. Бұл, депутаттардың байламынша, «балиғатқа жасы жетпегендер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға тиіс». «Атап айтқанда, осы жаңа Кодекске сәйкес, 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, түнгі клубтарда, бильярд орталықтарында, боулинг-клубтарда, сонымен қатар басқа да театрлық-сауықтық мақсаттағы нысандарда және сол тәріздес, ойын-сауық, қойылымдық, спорттық, мәдени-көңіл көтеру мақсатындағы қызметтер көрсетіліп жатқан басқа ғимараттарда бүлдіршіндердің, балалардың және жасөспірімдердің болуына тыйым салынады»,-деп жазады басылым бүгінгі санында жарық көрген «Тойға бала ертіп барған дұрыс па?» атты мақаласында.

Осы басылымда «Жолда жүрсең, желікпе!» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Еліміздің заңнамасындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі саласына қатысты өзгерістер жолдардағы жағдайды тұрақтандырып, жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шегетіндердің санын азайтады, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауатын арттыратын болады. 2012-2013 жылдар аралығында елімізде Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы күрт өскені байқалды. Осының салдарынан жол-көлік оқиғаларының, одан қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтардың саны бірнеше есе өсті. 2013 жылдың өзінде бақылау-өлшеу техникалық құралдары түсіріп, тіркеген жол ережесін бұзу деректері шамамен 90 пайызға дейін өсті, сондай-ақ оқиғалар - 65, жарақат алғандар саны 71 пайызға артты. Жалпы жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің, 600-ге жуық оқиға мас күйінде көлік жүргізген азаматтардың кінәсінен болған. Әрбір төртінші оқиға қозғалыстың жылдамдық режимін сақтамау салдарынан орын алғаны анықталған. Өткен жылы көлік апаттарының 30 пайыздан астамы жолдың қарсы бағытына шығып кетуден болған.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Это дело надо перекурить» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Қазақстандықтар арнайы бөлінген орындарда темекі тартуға тыйым салатын заңнаманың тиімділігіне сенбейді. Отандастардың басым бөлігі (85 пайызы) мейрамханаларда, кинотеатрларда және әуежайларда шылым тартатын орындарды жапқанның өзінде де темекі түтіні сейілмейтінін алға тартуда. Бұл жайында Астана мен Алматыда жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде белгілі болды.