Тойханалар мен караоке-барлардың авторлық құқық төлемдері қашан цифрландырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында тойханалар мен караоке-барлардың авторлық құқық төлемдерін цифрландыру туралы пікір білдірді.

Тойханалар мен караоке-барлардың авторлық құқық төлемдері қашан цифрландырылады
Фото: pexels.com

- Тойханалар мен караоке барлардың авторлық құқық иелеріне төлейтін жарнасын цифрландыру қашан және қалай ұйымдастырылады? - деп сұрады журналист.

Вице-министр бұл мәселені өз ведомствосы Әділет министрлігімен бірге қадағалайтынын еске салды.

- Қазір іс-шаралар кешенін пысықтап жатырмыз. Оның ішінде өзіңіз айтып отырған авторлық құқық, авторлық құқық иелеріне төленетін өтемақы қаншалықты әділетті деген мәселе де бар. Бұл бағытта белгілі бір алға жылжу да бар. Сенат депутаттарының тобы өздерінің түзетулерін әзірлеген. Менің білуімше, Әділет министрлігі осы өзгертулердің бәрін қадағалап отыр. Біз де креативті индустрия өкілдерімен тікелей жұмыс істейтін уәкілетті орган ретінде бақылап отырмыз. Оның ішінде «Мейрамханалар мен караокелердің авторлық құқық иелеріне төлейтін ақысы әділетті ме?» деген сияқты сұрақтар да бар, - деді Евгений Кочетов.

Сондай-ақ ол авторларлық құқық иелерінің өз туындыларының ойнатылуынан алатын төлемақыларына байланысты сұрақ көп түсетінін айтты.

- Мен сәл күте тұруды ұсынар едім. Өйткені цифрландыру шаралары енді ғана талқыланып жатыр. Түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Әрине, төлемдердің ақысы қаншалықты әділетті деген сұрақ бірінші кезекте тұр, - деді министрдің орынбасары.

Бұған дейін Үкімет авторлық құқық мәселесіне мемлекеттік монополия енгізу ұсынысын қолдамай тастағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар