Toyota-дан шикілік шықты: автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдықтарды мәжбүрлеп алғызған
АСТАНА. KAZINFORM — Әйгілі Toyota компаниясының Қазақстандағы ресми диллерінің заңсыз әрекеті әшкере болды.

Алматы қаласындағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Департаменті «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-нің монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша тергеу жүргізді.
Мәлім болғандай, 2020-2021 жылдары Алматыда сатылған автокөліктердің 82%-дан астамында жабдықтар қосымша ақыға сатылғаны анықталды.
Агенттіктің мәліметінше, бұл жабдықтың құны 3 млн теңгеге дейін жеткен, ал кейбір санаттар бойынша үстеме баға 200%-дан асып кеткен. Осылайша, компания жаңа автокөліктерді сату кезінде клиенттерге қосымша жабдықтарды мәжбүрлі түрде алғызғаны анықталып отыр.
— Тергеу нәтижелері компания тарапынан даулауға түскенімен, 2024 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Департаменттің тергеуін заңды деп таныды. Алматы қаласы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен жаңа жеңіл автокөліктерді сату кезінде клиенттерге қосымша жабдықтарды мәжбүрлеп ұсыну фактілері бойынша компанияға монополистік қызметтен түскен табыс (пайда) көлемінің 5%-ы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Ақшалай түрде айыппұл сомасы 88 млн теңгені құрады, — делінген хабарламада.
Бірінші инстанция сотының қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары стоматологиялық қызметтердің құны мемлекет тарапынан реттелмейтінін, бірақ бір қызметке екі түрлі баға ұсыну заңға қайшы екенін айтқанын жазған болатынбыз.