ТОЙШЫБЕК БАТЫР
Тойшыбек Қасаболатұлы (1783-1860) - XIX ғасырдың бiрiншi жартысында Жетiсу өңiрiнiң тарихында өзiндiк iз қалдырған атақты би әрi батыр. Ұлы жүздің Дулат тайпасының Ботпай руының Шағатай атасынан тарайды. Қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданының Таран ауылында дүниеге келген. Тойшыбек батыр Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының қолдаушыларының бірі болып, талай шайқастарға қатысып, ерлiк көрсеткен батырлардың бiрi.
1846 жылы Кенесары хан Жетiсуға келгенде алғаш Тойшыбек батыр ауылына келiп түседi. Олар Кенесарыны орыс отарлаушыларынан қазақтардың қорғаушысы ретiнде дәрiптеп қарсы алады. Оның Жетiсуға келуiнiң себебiн дұрыс түсiнген әдiл би әрi батыр Тойшыбек Кене ханның көптеген саяси iстерiне көмектесiп, барынша қолдау көрсеткен..
1849 жылы Алматы қаласына таяу маңда, Ақсай және Қарасай өзендерінің түйіскен тұсында бекініс салдырады. Бекіністің қабырғасының ұзындығы - 85 метр, биіктігі - 5 метр болған. Патшалық Ресейдің Жетісу өңіріне енуіне қарсылық танытып, оған қарсы күресте Қоқан хандығына арқа сүйейді. Осы мақсатта өзінің бекінісінде қоқандық Аққұлыбек басқарған әскери гарнизон ұстады.
Тойшыбек батыр осы Iле алқабындағы Үлкен Алматы өзенiнiң Қаскелеңге құяр маңына аталарының мал-жанын көршiлес жатқан елдердiң барымташыларынан қорғау үшiн өз қаражаттарына салғызған қорғанына иелiк еткен. Тойшыбек бекiнiсi Қоқан иелiгiндегi жерде орналасқандықтан Қоқан бектерi бекiнiстi өз мүдделерiне пайдалану мақсатымен Тойшыбек батырға басшы ретiнде датқа лауазымын берiп басқартқан. Тойшыбек би басқарған ел оларға зекет төлеп, қажет кезiнде әскерге жiгiт берiп отырған. Сондықтан кейбiр зерттеушiлер Тойшыбек бекiнiсiн - «Қоқандық бекiнiс» деп те атайды. Тойшыбек бекiнiсi Құлжадан Ташкентке дейiн баратын негiзгi керуен жолы бойында орналасқандықтан Қоқан, орыс және жергiлiктi халық үшiн саяси-стратегиялық маңызы зор болған. Мұрағат деректерiне қарағанда, Тойшыбек би осы бекiнiсi арқылы өткен саудагерлердiң Iледен өтуiне көмек берiп, олардан салық алып отырған.
1850 жылы Ресей армиясының капитаны Гутковский 2 зеңбірегі бар 300 әскермен Тойшыбек батыр бекінісіне шабуыл жасайды. Бірақ Тойшыбек Қасаболатұлы бастаған жасақ Гутковскийдің шабуылына тойтарыс беріп, бекіністі талқандауға жол бермейді. Шабуылда Тойшыбек батырдың жасағынан 200-ден астам адам қаза табады. Ресей үкіметі Тойшыбек батыр бекінісін алу үшін 1851 жылы маусым айында 1 мың 370 адамнан тұратын, полковник Карбышев бастаған экспедицияны аттандырады. Тойшыбек батыр күштің тең еместігін байқап, өзін қолдаған қазақтармен қоқандықтар ықпалындағы Шудің бойына бет бұрады. Мұны пайдаланған полковник Карбышев Тойшыбек бекінісін талқандауға бұйрық береді. Тойшыбек батыр баласы Байсейітпен бірге қырғыздар мен қоқандықтардың көмегіне сүйеніп, орыстардың иелігіне айналған Іленің сол жағалауына жиі шабуылдар ұйымдастырып, орыс әскерлерін шығынға ұшыратады. Бұған жауап ретінде 1854 жылы жазда Ұлы жүз қазақтарының приставы Перемышльский 2 зеңбірегі бар 160 әскерімен Тойшыбек бекінісіне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Шабуыл кезінде Тойшыбек батырдың 40-тан астам адамы қаза тауып, бидің үлкен ұлы Жанғазы бала-шағасымен тұтқынға түседі.
Осы жылғы күзде Тойшыбек батыр қырғыздардың Орман, Жаңғараш, Жантай манаптарымен және қоқандықтармен бірлесіп, патшалық Ресейдің билігін мойындаған Іле бойындағы қазақтарға шабуыл ұйымдастырған. Шабуыл кезінде екі жақ та көптеген шығынға ұшырайды.
Тойшыбек батыр Қасаболатұлы өмірінің соңғы жылдарын орыс үстемдігі орныға қоймаған қоқандықтар ықпалындағы Пішпекке (Бішкек) таяу маңда өткізген.
Тойшыбек батырдың Жанғазы, Шынқожа, Асан, Шыңғыс, Керiмбек, Байсейiт, Найзабек, Бiташ атты ұлдары және екi қызы болған. Тойшыбектiң ұлдарының iшiнде Байсейiт жас та болса Ұлы жүз батырлары қатарында Кенесары әскерiнiң сапына қосылған. Сонымен қатар қазақтың туыстасу дәстүрiмен Тойшыбек батыр бiр қызын Кенесарыға ұзатып, құдандалы болған. Тойшыбектi өз көзiмен көрген, көп жылдар қазақ даласында айдауда болған поляк революционерi А. Янушкевич «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» деген еңбегiнде: «Ұлы жүздiң атақты қазақтарының бiрi Тойшыбек Кенесарыға қызын ұзатыпты» деп көрсетеді.
Атақты ақын Жамбыл атамыздың шәкiрттерiнiң бiрi Саядiл Керiмбеков жырлаған «Кенесары - Наурызбай дастанында Тойшыбек батыр мен Кенесары ханның кездесуi суреттелген.
Орта Азия мен Қазақ даласына орыс билiгiнiң орнауын мойындағысы келмей, көп жылдар күрес туын тiккен елiн, жерiн қорғауда оңтүстiк өңiрде өзiндiк iз қалдырған, қазақтың қайтпас, қайсар ұлы - Тойшыбек батыр жасы ұлғайып, 1860 жылы қазiргi Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Қақпатас ауылы маңында қайтыс болады.
Алматы қаласында Тойшыбек батыр Қасаболатұлы есімімен аталатын көше бар.
Дерек көздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 8 том
Түркістан газеті, Ү.Бүркітбаева, 2006