TRACECA елдері бірыңғай транзиттік рұқсат туралы келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – TRACECA Үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы аясында Еуропа – Кавказ – Азия халықаралық көлік дәлізін дамытуға және транзиттік рәсімдерді цифрландыруға бағытталған бірқатар маңызды құжатқа қол қою рәсімі өтті. 

TRACECA елдері бірыңғай транзиттік рұқсат туралы келісімге қол қойды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Рәсім барысында жүргізуші TRACECA-ның бірыңғай транзиттік рұқсат туралы келісімге қол қойылғанын жария етті. Құжатқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Украина және Өзбекстан қол қойды. 

Сонымен қатар «TRACECA көпжақты рұқсаты» техникалық құжатына өзгерістер енгізу туралы шешімге қол қою рәсімі де өтті. Аталған құжатқа Армения, Грузия, Молдова, Румыния, Түркия, Украина және Қырғызстан қол қойды. 

Бұл келісім TRACECA елдері арасындағы транзиттік рәсімдерді жеңілдетуге және көлік дәлізі бойынша жүк тасымалының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, Дүниежүзілік банк Орта дәлізге 7,6 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.