TRACECA-ның келесі отырысы қашан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – TRACECA Үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысында Қырғызстан Республикасының көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Алмаз Тургунбаев келесі жиынды өткізу мерзіміне қатысты ұсыныс білдірді.
– 19-отырысты 2027 жылдың қыркүйек-қазан айларында өткізу ұсынылады. Нақты орны мен уақыты кейін барлық тараппен келісіледі, - деді ол.
TRACECA отырысында Қырғызстан тарапы ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін де атап өтті.
Сонымен қатар ол атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіріп, жаңа Бас хатшыға табыс тіледі.
– Жаңа Бас хатшымен алдағы уақытта да өзара тиімді, ең бастысы нәтижелі ынтымақтастық болады деген сенім білдіремін. Барлығымыз бұл жұмысты дәліздің игілігі үшін бірге атқаруымыз қажет, - деді Алмаз Тургунбаев.
Сондай-ақ ол Иран тарапының төрағалық кезеңін жоғары бағалап, Қазақстанның келесі кезеңдегі жұмысына сәттілік тіледі.
– Иран тарапына табысты төрағалығы үшін алғыс білдіреміз және Қазақстанның жаңа кезеңдегі жұмысына сәттілік тілейміз, - деді ол.
Айта кетейік, TRACECA Үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысында ұйымның жаңа Бас хатшысы ретінде Өзбекстан көлік министрінің орынбасары Жасурбек Чориев таныстырылды.