Трамп 2026 жылдың ақпанында Қытайға сапарлайды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылдың басында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу үшін Қытайға ресми сапармен баруы мүмкін. Бұл ақпаратты АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеді, деп жазады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Трамп 2026 жылдың ақпанында Қытайға сапарлайды
Фото: finance.yahoo.com

Жексенбі күні NBC News телеарнасының «Meet the Press» бағдарламасында сөйлеген Бессенттің айтуынша, Трамп пен Си Цзиньпин 1 қарашадан бастап енгізілуі мүмкін АҚШ-тың Қытай тауарларына арналған 100 пайыздық жаңа баж салығын болдырмауға мүмкіндік беретін келісімге қол қоюы ықтимал.

Бұл оқиға әлемдік сауда қатынастарындағы бетбұрыс сәті болмақ, өйткені әлемнің екі ірі экономикасы — АҚШ пен Қытай — соңғы жылдары нарықты тұрақсыздандырып, дипломатиялық қатынастарды шиеленістірген өзара текетіресті азайтуға мүдделі.

Трамп жексенбі күні Малайзияға келіп, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (ASEAN) саммитіне қатысты. Бұл — оның Азияға жасалған бес күндік сапарының алғашқы аялдамасы. Сапардың негізгі бөлігі бейсенбіде Оңтүстік Кореяда Си Цзиньпинмен жеке кездесу болмақ.

Бессенттің айтуынша, Трамп Пекинге 2026 жылдың басында, Қытайдың ай күнтізбесі бойынша жаңа жылы (17 ақпан) алдында баруы мүмкін.

Сонымен қатар, Си Цзиньпиннің 2026 жылдың күзіне жоспарланған АҚШ-қа сапары және «Үлкен жиырмалық» саммитіне қатысуы алдында екіжақты кездесу Вашингтонда да өтуі мүмкін.

Бұған дейін ҚХР коммерция вице-министрі Ли Чэнган Пекин мен Вашингтонның негізгі сауда-экономикалық мәселелер бойынша ортақ келісімге келгенін мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар