Трамп 500 мыңнан астам балаға инвестициялық шот ашылғанын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM —Дональд Трамп АҚШ үкіметі балаларға арналған «Трамп шоттарына» алғашқы 1000 долларды 500 мыңнан астам есепшотқа аударғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Трамп 500 мыңнан астам балаға инвестициялық шот ашылғанын жариялады
Фото: REUTERS/Evan Vucci

Бағдарлама 2025–2028 жылдары дүниеге келген АҚШ азаматтарына арналған. Оның мақсаты – балалардың ерте жастан қор нарығына қатысуына және жинақ қалыптастыруына мүмкіндік беру.

Трамп Ақ үйдегі Сопақ кабинеттен New York Stock Exchange мен Nasdaq саудасының басталуын символикалық түрде жариялады. Салтанатты рәсімге екі биржаның өкілдері қатысты.

Бағдарлама аясындағы қаражат ұзақ мерзімді өсімге бағытталған төмен шығынды индекстік қорға автоматты түрде инвестицияланады. Шот иелері 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты шешіп алуға немесе инвестициялауды жалғастыруға мүмкіндік алады.

Бағдарламаны қолдаушылар бұл бастама ұзақ мерзімді инвестицияларды және қаржылық сауаттылықты дамытуға ықпал етеді деп санайды. Ал сыншылар табысы төмен отбасылар қосымша қаражат сала алмауы мүмкін екенін, соның салдарынан бағдарламаның артықшылықтарын толық пайдалана алмайтынын айтады.

Бағдарламаны қолдайтынын бірқатар америкалық компаниялар, соның ішінде Visa, Dell, Comcast және Micron Technology мәлімдеді. Соңғысы «Трамп шоттарын» қолдауға 250 миллион доллар бөлетінін хабарлады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы үш жыл ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына жалпы 2,3 миллиард доллар аударылғаны хабарланған болатын.