Трамп: АҚШ дизель отынын экспорттауға тыйым салмайды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ дизель отынын экспорттауға тыйым салмайды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Report.
— Негізінде, Еуропа дұрыс әрекет етті, өйткені онда дизель отыны көп. Оларда дизель жеткілікті. Олар дизельді басқа елдердің көпшілігіне қарағанда бірнеше есе көп пайдаланады және өте дұрыс шешім қабылдады, — деді ол.
Президент дизель отынын экспорттауға тыйым салу мәселесі ешқашан қаралмағанын атап өтті.
Бұған дейін Трамп Еуропа елдері өз қорларындағы дизель отынының едәуір көлемін нарыққа шығаруға келіскенін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ Ақ үй басшысы америкалық тарап Ормуз бұғазы арқылы рекордтық көлемде мұнай шығарғанын айтқан еді.