Трамп АҚШ Гренландияны бақылауға алуы тиіс екенін тағы мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитіне келгенде Гренландия АҚШ-тың бақылауында болуы тиіс деген бұрынғы мәлімдемесін тағы қайталады. Бұл туралы Euronews жазды.
Анкарада өтіп жатқан НАТО саммитіне келген Трамп Данияның Арктикадағы аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті қаражат бөлмейтінін айтты. Сарапшылардың пікірінше, осы талаптан бас тартуға көндіруге бағытталған бірнеше айлық дипломатиялық күш-жігер нәтижесіз аяқталды.
Трамптың айтуынша, Гренландия АҚШ үшін стратегиялық маңызға ие.
– Дания Гренландияға нақты көмек көрсету үшін жеткілікті қаражат жұмсамайды. Бұл аумақтың АҚШ үшін маңызы зор, оның маңында Қытай мен Ресейдің кемелері жүзіп жүр, – деді ол.
Сонымен бірге АҚШ президенті қаңтар айында Гренландияны бақылауға алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармаған мәлімдемелері НАТО-дағы одақтастармен қарым-қатынасқа кері әсер еткенін мойындады.
Бұған дейін НАТО-ның қорғаныс өнеркәсібі форумында Канада мен Еуропадағы одақтастар «NATO 3.0» бастамасы аясында қорғаныс саласына 50 миллиард еуроға дейін инвестиция салуға уәде берген-ді. Саммиттің негізгі мақсаты альянстың ұжымдық қауіпсіздікке рекордтық көлемде қаржы бөліп жатқанын көрсету еді.
Алайда Анкараға келгеннен кейін бір сағат өтпей жатып Трамп НАТО-ны Иранға қарсы әскери операцияға қатыспағаны үшін тағы да сынға алды.
Еске сала кетсек, өткен айда Трамп Гренландиядан кейін Үнді мұхитындағы Чагос аралдарын сатып алғысы келетінін мәлімдеген.