Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздің 3 тамызда өтетінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран 3 тамызда келіссөздерді бастайтынын хабарлады. Оның айтуынша, тараптар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігі мен Иранның ядролық бағдарламасын талқылайды, деп жазады ТАСС.

Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздің 3 тамызда өтетінін мәлімдеді
Фото: АЗЕРТАДЖ

Трамп президенттік ұшағында журналистермен әңгімелесу барысында Иранмен өтетін алдағы келіссөз туралы айтты.

— Біз олармен келіссөз жүргіземіз. Ол ертең күндіз басталады, — деді Трамп.

АҚШ президенті дипломатиялық жол шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермейді деген үмітін білдірді.

— Мен дәл солай болғанын қалаймын. Бұл көп адамның өмірін сақтап, көп күш-жігерді үнемдеуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Трамп бұған дейін Иранға ауқымды соққы беру мүмкіндігін қарастырғанын, алайда бұл сценарий жүзеге аспағанын да еске салды.

Оның сөзінше, Иран билігі мұндай оқиғаның өрбуіне қарсы болған. Сондай-ақ Сауд Арабиясы да келісімге қол жеткізуге үміт артқан және мәміле жасауға аз қалған деп есептеген.

Трамптың айтуынша, алдағы келіссөздерде Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігі және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер қаралады.

Бұған дейін Иран АҚШ-пен Ормуз бұғазы бойынша келісім жасалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.