Трамп БРИКС елдері доллардан бас тартқан жағдайда баж салығы салынатынын ескертті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп сенбі күні БРИКС-ке мүше елдер АҚШ долларына нұқсан келтіретін әрекеттерге барса, осы мемлекеттерге 100% баж салығын қоятынын ескертті, деп хабарлайды AP.

«Біз бұл елдерден БРИКС-тің жаңа валютасын енгізбеуді немесе АҚШ долларын алмастыратын кез келген басқа валютаны қолдамау туралы міндеттемені талап етеміз. Егер олар осындай қадамға барса, 100 пайыздық баж салығына тап болады және АҚШ-тың қуатты экономикасымен сауда-саттық жасаудан шеттетіледі», - деді Трамп Truth Social сайтындағы жазбасында.
Оның осы мәлімдемесі Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка кіретін БРИКС альянсы деп аталатын елдерге бағытталған. Бұл елдерден басқа альянс құрамына Мысыр, Эфиопия, Иран және Біріккен Араб Әмірліктері қосылды.
Сонымен қатар бірнеше мемлекет БРИКС-ке қосылу туралы өтініштерін берді.
АҚШ доллары жаһандық бизнесте ең көп қолданылатын валюта саналғанымен, альянс мүшелері мен басқа да дамушы елдер Американың жаһандық қаржы жүйесіндегі үстемдігінен шаршағанын алға тартып отыр.
Бұған дейін Дональд Трамп Қытай, Мексика және Канада тауарларына жаңа тариф енгізуді жоспарлап отырғанын жариялады.