Трамп CNN, MS NOW және Politico-ны Ақ үйге кіргізуге тыйым салатынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп CNN, MS NOW және Politico ақпарат құралдарының өкілдерін Ақ үйге кіргізуге тыйым салатынын мәлімдеді. Ол бұл шешімін аталған БАҚ-тардың «жалған ақпарат» таратуымен түсіндірді, деп хабарлайды Reuters.

Трамп CNN, MS NOW және Politico-ны Ақ үйге кіргізуге тыйым салатынын айтты
Фото: ТАСС

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында бұл басылымдар АҚШ президенті туралы ойдан шығарылған ақпарат пен өтірікті тұрақты түрде жарияламауы керек екенін айтып, «басқа да жалған ақпарат құралдары кезекте тұр» деп жазды.

Тыйымның нақты қашан және қандай көлемде күшіне енетіні әзірге белгісіз. Ақ үйдің аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды өкілі Fox News-ке сенбі күнінен бастап үш БАҚ-тың да Ақ үй аумағына кіруіне тыйым салынатынын хабарлаған.

Трамп бұл шешімге нақты бір оқиға себеп болмағанын айтып, «соңғы бірнеше жылдағы жарияланымдардың жиынтығы» негіз болғанын мәлімдеді. Ол New York Times пен Washington Post басылымдарын да «жалған ақпарат» таратушы деп атады.

АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуі сөз және баспасөз бостандығына кепілдік береді. Заңгерлердің пікірінше, тыйымның ауқымына қарай бұл шешім сотта дау тудыруы мүмкін. Соттар президентке Ақ үйдегі жекелеген іс-шараларға журналистерді таңдап шақыруға кең өкілеттік бергенімен, барлық БАҚ үшін қолжетімді баспасөз алаңдары мен аккредитациядан толық шеттету конституциялық талаптарға қайшы болуы ықтимал.

CNN өз журналистерін қолдайтынын және Конституцияға сәйкес Ақ үй туралы кедергісіз ақпарат таратуға құқығы бар екенін мәлімдеді. Politico да Ақ үйді және кейінгі әкімшіліктерді әділ жариялауды жалғастыратынын айтып, Бірінші түзету аясындағы құқықтарын қорғауға ниетті екенін жеткізді. MS NOW түсініктеме беруден бас тартты.

Баспасөз бостандығын қорғау ұйымдарының өкілдері де Трамптың шешімін сынға алды. Олардың айтуынша, президент журналистердің билікті сынаған материалдары үшін оларды Ақ үйдегі баспасөз алаңынан шеттете алмайды.

Трамп әкімшілігі бұған дейін де Ақ үй мен БАҚ арасындағы қалыптасқан дәстүрді өзгертіп, ірі ақпарат құралдарының президентке қолжетімділігін қысқартқан және әкімшілікке жақын жаңа медиа өкілдерінің қатысуын арттырған.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп АҚШ пен Дания Гренландияға қатысты ортақ келісімге келгенін мәлімдегенін жаздық.