Трамп Coca-Cola-ны АҚШ-тағы сусын құрамын өзгертуге көндірді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Coca-Cola компаниясы елде сатылатын сусындарда жүгері шәрбатының орнына қамыс қантын қолдануға келіскенін мәлімдеді.

 Трамп
Фото: Anadolu

— Coca-Cola-мен сөйлесіп, АҚШ-тағы сусындарына тек қамыс қантын қосу туралы ұсыныс жасадым. Олар келісті. Бұл — өте дұрыс шешім. Жақын арада нәтижесін көресіздер, — деп жазды Трамп Truth Social платформасында.

Компания бұл шешімді нақты растаған жоқ. Алайда Coca-Cola өкілі президент Трамптың қызығушылығына ризашылық білдіріп, жақын уақытта өнім желісіндегі жаңа инновациялар туралы мәлімет таратылатынын хабарлады.

Айта кетейік, АҚШ-та сатылатын Coca-Cola өнімдері көбіне жүгері шәрбатымен тәттілендірілсе, Мексика, Ұлыбритания және Австралия сияқты елдерде қамыс қанты жиі қолданылады.

АҚШ Денсаулық сақтау министрі Роберт Кеннеди жүгері шәрбаты, жасанды бояғыштар мен өсімдік майлары сияқты ингредиенттердің зияны туралы бірнеше рет мәлімдеген. Оның «Make America Healthy Again» қозғалысы азық-түлік өнімдерінің құрамын жақсартуды көздейді. Министр биылғы жазда елдегі тағамдық стандарттарды жаңартуды жоспарлап отыр.

Трамптың бастамасы АҚШ-тағы жүгері өндірушілерінің қарсылығын тудырды. Жүгері өңдеушілер қауымдастығының басшысы Джон Боудтың айтуынша, мұндай өзгеріс мыңдаған жұмыс орнының қысқаруына, фермерлер табысының төмендеуіне және шетелдік қант импортының артуына алып келуі мүмкін.

2024 жылдың көктемінде Coca-Cola бас директоры Джеймс Куинси инвесторлармен кездесуде компанияның қант мөлшерін азайту және өнім ассортиментін жаңарту бағытындағы жұмыстары жалғасып жатқанын айтқан болатын.

Айта кетейік, Трамп 150-ден астам елге 10–15% баж салығын салмақ.

Соңғы жаңалықтар