Трамп COVID-19 вакцинациясын талап ететін мектептерді қаржыландыруға тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-та COVID-19 вакцинасын міндетті түрде талап ететін мектептер мен колледждер федералдық қаржыландырудан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды CBS News.

АҚШ президенті Дональд Трамп осыған байланысты жарлыққа жұма күні қол қойды.
Ақ үйде COVID-19-ға қарсы міндетті вакцинация «білім алу мүмкіндіктеріне қауіп төндіреді» деп мәлімдеді.
Президент білім және денсаулық сақтау министрлеріне міндетті вакциналарды тоқтату жоспарын әзірлеуді және осы тыйымды бұзған мекемелерге қаржыландыруды тоқтату механизмін анықтауды тапсырды.
Еске салайық, 21 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттардың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДҰ) шығуы туралы жарлыққа қол қойды. АҚШ-тың ізінен Аргентина да ұйымнан шығатын болады.
Сондай-ақ Дональд Трамп АҚШ-тың энергетикалық үстемдік кеңесін құрған еді.