Трамп дыбыстан жылдам авиацияны дамыту туралы жарлыққа қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Америка бұл салада бір кездері әлемдік көшбасшы болғанын атап өтті, деп хабарлайды ТАСС.

АҚШ Президенті Дональд Трамп дыбыстан жылдам авиацияны дамытуды қайта жандандыруға жәрдемдесуге бағытталған атқарушылық жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.
— Америка бір кездері дыбыстан жылдам авиация саласында әлемдік көшбасшы болған, алайда бірнеше онжылдықтар бойы қойылған қатаң шектеулер бұл бағыттағы прогресті тоқтатты. Бұл жарлық нормативтік кедергілерді жоя отырып, америкалық компаниялардың дыбыстан жылдам ұшулар саласында қайтадан көш бастауына мүмкіндік береді, — делінген Ақ үй мәлімдемесінде.
Хабарлама мәтініне сәйкес, жарлық АҚШ-тың Азаматтық авиация федералды басқармасына дыбыстан жылдам ұшақтарға қатысты ұшу шектеулерін алып тастауды және осындай әуе кемелеріне арналған мемлекеттік сертификаттау стандарттарын бекітуді тапсырды. Сондай-ақ құжатта АҚШ пен басқа елдер арасында халықаралық дыбыстан жылдам әуе қатынастарын ұйымдастыру үшін келісімдер жасасу қарастырылған.
Соңғы рет азаматтық дыбыстан жылдам ұшақ ретінде қызмет көрсеткен әуе кемесі — Concorde болды. Ол Ұлыбритания мен Франция үкіметтерінің бірлескен жобасы негізінде жасалған. Бұл ұшақтың коммерциялық қолданысы 2003 жылы тоқтатылды. Бұған 2000 жылы болған апат себеп болды, оның салдарынан 203 жолаушы қаза тапқан. Азаматтық авиация тарихында жолаушыларды дыбыстан жылдам әуе лайнерімен тасымалдау тек екі ұшақпен жүзеге асырылды: кеңестік Ту-144 және Concorde.
Айта кетелік Дональд Трамп пен Илон Маск арасындағы шиеленіс жеке айыптаулар мен қоқан-лоқыларға ұласты.