Трамп елден ерікті түрде кеткісі келетін заңсыз мигранттарға қаржылай көмек пен ұшақ билетін ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Трамп елден кеткісі келетін заңсыз мигранттарға тың ұсыныс тастады, деп жазды Анадолы.

Трамп елден ерікті түрде кеткісі келетін заңсыз мигранттарға қаржылай көмек пен ұшақ билетін ұсынды
Фото: Анадолы

АҚШ президенті Дональд Трамп елден өз еркімен кеткісі келетін заңсыз мигранттарға қаржылай көмек пен ұшақ билетін ұсынатын жаңа ұсынысы барын мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы Fox News америкалық телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Трамп қазіргі кезде АҚШ билігі «қауіпті» мигранттарды елден депортациялау ісін жалғастырып жатқанын, сондай-ақ елден кетуге ниетті заңсыз мигранттарға арналған бағдарлама дайындап жатқанын жеткізді.

Президенттің айтуынша, жаңа миграциялық бастама оларға қаржылай көмек көрсетіп, ұшақ билетін қамтамасыз етуді қарастырады.

– Егер олар тәртіпті болып, өз еліне оралуға ниет білдірсе, біз оларды мүмкіндігінше тез қайтару үшін бірлесіп әрекет етеміз, – деді ол. 

Сайлауалды науқаны кезінде Трамп «миллиондаған мигрантты» депортациялау жоспары бар екенін мәлімдеген болатын. Өз кезегінде АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнс бұл жұмысты 1 миллион мигранттан бастауға болатынын айтқан.

Заңсыз иммиграцияға қарсы күрес аясында Дональд Трамп бұған дейін тек соғыс кезінде қолданылған 1798 жылғы «Шетелдік жаулар туралы заңды» («Alien Enemies Act») пайдаланып, «шетелдік террористік ұйымдармен» байланысы бар мигранттарды елден жедел шығару шараларын іске асырған еді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп заңсыз иммигранттар үшін баспана болған қалалар қаржыландырудан айырылатынын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар